Ақтөбеде бір үйдің бес баласы анасы үшін көмек сұрады – видео

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бес баланың анасына шизофрения диагнозы қойылған/фото: shutterstock

Әлеуметтік желіде Ақтөбеде бір үйдің бес баласы халықтан көмек сұраған видео тарады. Ол жерде бес баланың үлкені Құралай анасына бір күнде шизофрения диагнозы қойылғанын айтқан. Тіпті 40 күн жындыханада жатып шыққаннан кейін анасының танымастай өзгергенін жеткізді.

Видео түсірілген кезде жасөспірімдер қиын жағдайға тап болған балалар паналайтын «Аяла» орталығында тұрып жатқан.

Құралайдың айтуынша, бес бала нағашы әжесінің үйінде тұрған. Әжесі баспанасын сатқан соң балалары арасында мүлікке талас басталған. 2025 жылдың 13 сәуірінде бес бала тұрып жатқан үйге арнайы бригада келіп, анасын жындыханаға алып кеткен.

«Бір күнде анамызды жындыханаға жатқызып, бізді орталыққа жіберді. Бауырлар мүлікке таласты. Сіңілім екеумізді де ауру деп жатқызғысы келді. Қатты қорқамыз. Бізге тіреу болатын ешкім жоқ. Әкеміз ішеді, бізді іздеген емес. Анамыз жалғыз өзі қарап келді. Анамыз ауру емес. Біздің де есіміз дұрыс», – дейді жасөспірім видеода.

Осылайша бес баланы 14 сәуірде орталыққа өткізеді. Ол кезде Құралай 18 жасқа толмаған.

Тағы бір видеода Құралай оқиғаның мән-жайын баяндаған. Айтуынша, анасы жындыханадан шыққан. Енді қайырымдылық қоры үй алып берейін десе, шизофрения диагнозы кедергі келтіріп тұр.

Қазір отбасы жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Ал анасы 10 күнге Алматыдағы психикалық денсаулық орталығына қойылған диагнозды тексерту үшін кеткен. Ал балалары анасының сау екенін айтып, диагнозды алып тастауды сұрап отыр.

Комитет мәлімдемесі

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарлауынша, бұл жағдайды жауапты орган бақылауға алған.

«Видеодан кейін анасы балаларымен қайта қауышып, әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығында бірге тұрған. Қазір анасы диагнозын нақтылау мақсатында денсаулық сақтау ұйымында ем қабылдап жатыр. Балалардың жағдайымен танысу үшін Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы отбасыға барды. Балалардың хал-жағдайы қанағаттанарлық, тұрмыс жағдайы талаптарға сай», – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ оқыңыз