
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қаңтар оқиғасынан кейін 20 жылға сотталған «Дикий Арманның» апелляциялық шағымы не себепті жабық режимде қаралып жатқанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік қауіпсіздікке қатысты істер жабық қаралады.
«Дикий Арман» ретінде белгілі Арман Жұмагелдиев ісінде мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі бар. Бізге солай айтылды. Қылмыстық-процестік кодексте мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін жағдайларда істі жабық өткізу қарастырылған. Ал апелляциялық шағымын жабық режимде қарауға негіз бар не жоқ екенін айту үшін іспен танысу керек. Іспен танысқан жоқпын. Ал бұған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысы барын ескерсек, істі жабық өткізген дұрыс», – дейді Абзал Құспан.
«Дикий Арман» ісі
2022 жылдағы Қаңтар оқиғасынан кейін 44 адамға қылмыстық іс қозғалды. Ішінде Арман Жұмагелдиев, Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Искаков, 2013 жылы «Қорғас ісі» бойынша куәгер болған Талғат Махатов бар.
Бастапқыда сот процесі ашық өтті, кейіннен жабық форматқа ауыстырылды. Сот үкімімен Арман Жұмагелдиев 20 жылға, Қайрат Құдайберген 8 жылға сотталды.
2025 жылдың қазанында сотталғандар үкімге апелляциялық шағым түсірді.