Кімдер жеке детектив болып жұмыс істеуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
SMM бөлімінің редакторы
Детектив арнайы лицензия алып жұмыс істеуі мүмкін/фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан заң қабылданған жағдайда кімдердің жеке детектив болып жұмыс істей алатынын айтты.

Депутаттың сөзінше, жете детектив туралы заң қабылдау мәселесі бұған дейін үш рет көтерілген.

«Құқық қорғау органдарында кемінде 10 жыл жұмыс істеген азаматтар жеке детектив бола алады. Бұл заң, ең алдымен, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған. Мәселен, азамат жедел уәкіл не тергеуші болып көп жыл қызмет етеді. 20-25 жылдан кейін зейнетке шығуға құқығы бар. 22 жасынан қызмет етсе, 50-ге келмей демалысқа шығады. Олардың күш-жігері бойында әрі тәжірибесі мол. Адвокат жалдаған сияқты жеке детектив жалдаса, қылмыстың ашылуына септігін тигізеді», – дейді Құспан.

Депутат детективтердің адвокаттар сияқты арнайы лицензия алып жұмыс істейтінін айтты.

«Түскен табысының бір бөлігін салық ретінде төлейді. Уәкілетті орган ретінде ішкі істер министрлігі бекітіледі. Орган лицензия беріп, талаптың сақталуын қадағалайды», – дейді депутат.

Айта кетейік, «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. ІІМ хабарлауынша, детективтерге өз қызметін сақтандыру міндеттеледі.

Сондай-ақ оқыңыз