Табысы төмен ел мәрт келеді: Қазақстан қайырымдылық жасау рейтингінде 30-орында тұр

Қазақстан қайырымдылыққа табысының көп бөлігін жұмсайтын елдер арасында 30-орында тұр. Бұл туралы Charities Aid Foundation ұйымына сілтеме жасап Ranking.kz сарапшылары хабарлады.
Азаматтардың қаншалықты жомарт екенін білу мақсатында 101 елдің әлеуметтанушылары тұрғындар арасында зерттеу жүргізген. Нәтижесінде азаматтардың табысының қанша пайызын қайырымдылыққа жұмсайтыны анықталған.
Зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың жауабына сәйкес, ел азаматтары табысының 1,2%-ын қайырымдылыққа жұмсауға дайын. Осылайша Қазақстан 30-орынға жайғасқан. Қазақстандықтар мәрттік бойынша АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Нидерланд сияқты дамыған елдерден әлдеқайда жоғары тұр.
Табысы төмен елдер мәрт келеді
CAF зерттеуіне сәйкес, табысы төмен елдерде қайырымдылыққа көп қаражат бөледі. Рейтингтің алғашқы бестігіне бірден төрт Африка елі енді. Олар Нигерия (табысының 2,8%), Мысыр (2,5%), Гана (2,2%) және Уганда (2%). Сондай-ақ ең жомарт тұрғындары бар мемлекеттердің қатарына Қытай да кірді, бұл елдің азаматтары табысының 2,2%-ын қайырымдылыққа бөледі.
Жалақысы жоғары елдер төменгі қатарда тұр
Ең жоғары жалақы алатын мемлекеттер жомарт ел рейтингісінде ең соңғы орындарда тұр. Мысалы, Германия 0,4% табысын қайырымдылыққа береді. Швейцария да жомарттық бойынша 76-орында тұр. Бұл елдің азаматтары табысының небәрі 0,7%-ын ғана қайырымдылыққа беруге дайын.
Қаражатты қайда жібереді?
Азаматтардың қайырымдылыққа бөлген қаражаты үш бағытқа бөлінеді. Зерттеушілердің мәліметінше, қайырымдылық жасаушылардың шамамен 38%-ы ақшаны тікелей мұқтаж адамдарға береді, 36%-ы қаражатты қайырымдылық қорларына аударады, ал 25%-ы діни мекемелерге көмектеседі.
Қайырымдылық қоры басшысы сотталды
Қазақстанда 2025 жылдың шілдесінде Biz Birgemiz Kazakhstan 2030 қорының жетекшісі Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – «Алаяқтық», 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы – «Аса ірі көлемде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)» бойынша кінәлі деп танылды.
Одан бөлек Алматыда «Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ильяс Сариевке қатысты сот процесі өтіп жатыр.