
2025 жылдың 1 қыркүйегіне қарай экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемі 47,6 трлн теңгеге жетті. Бұл 2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 23,7%-ға артық.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 47,6 трлн теңгенің 22,1 трлн теңгесі (46,3%) – бизнеске берілген, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер алған қарыздар. Қалған 25,5 трлн теңге (53,7%) – халықтың мойнындағы қарыз.
Кредиттердің басым бөлігі теңгемен берілген: 42,6 трлн теңге немесе бүкіл соманың 89,5%-ы ұлттық валютадағы кредит. Ал шетел валютасындағы қарыздар 5 трлн теңгені (10,5%) құрады.
Бүкіл кредиттің 85,8%-ын банктер берген.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары халыққа кредит алу барған сайын қиындай түсетінін айтқан. Өйткені несие пайызы қымбаттап, банктер клиентке қоятын талабын күшейтеді.
Екінші деңгейлі банктердің қайтарылмай жатқан қарызы жылдан-жылға көбейіп барады. Ұлттық банктің дерегінше, қыркүйек айының басында төленбеген мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің (NPL 90+) көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткен.