Halyk Finance: базалық мөлшерлеменің күрт өсуі Ұлттық банкке деген сенімді әлсіретеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Сарапшылар Ұлттық банктің қатаң саясатын сынға алды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Базалық мөлшерлеменің 16,5%-дан бірден 18%-ға көтерілуі қаржы нарығында қызу талқыланып жатыр. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың пікірінше, мұндай шешімдер ақша-кредит саясатына деген сенімді төмендетіп, экономикалық теңгерімсіздікті күшейтеді.

Сарапшының айтуынша, биылғы инфляцияны үдеткен негізгі себептер базалық мөлшерлемені көтеру арқылы шешілмейді.

«Инфляцияны жеделдеткен факторлардың көпшілігі базалық мөлшерлемені көтерумен жойылмайды. Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі қабылдап жатқан шаралар инфляцияны онсыз да баяулатуы тиіс еді. Қазақстандағы жоғары және тұрақсыз инфляцияның басты себебі – экономиканы қолмен басқару саясаты», – дейді Темірханов.

Оның пайымдауынша, бағаның қымбатттауына бірқатар ішкі және сыртқы факторлар әсер еткен. Олар: коммуналдық тарифтің өсуі, Ұлттық қор қаражатының артық жұмсалуы, теңгенің әлсіреуі және рубльдің долларға қатысты нығаюы. Соның салдарынан азық-түлік бағасы қымбаттап, халықтың инфляция мен девальвацияға қатысты үрейі күшейді.

«Халық пен бизнес үшін инфляцияны арттыратын немесе теңгені әлсірететін нақты факторлар түсініксіз. Соның нәтижесінде елде инфляция мен девальвацияға қатысты болжам тым жоғары деңгейде қалыптасты. Бұл өз кезегінде бағаның өсуін одан әрі үдетіп отыр», – дейді сарапшы.

Темірхановтың болжамынша, базалық мөлшерлеме көтерілмеген күннің өзінде жыл соңына қарай инфляция 12,5%-дан төмен түсер еді. Бұған бірнеше себеп бар:

  • жыл соңына дейін тариф пен реттелетін бағаларды көтеруге мораторий енгізілген;
  • қазан айынан бастап алтын бойынша «айналмалы операциялар» аясында шетел валютасын сату көлемі артты, бұл теңгені қолдайды;
  • банктер .үшін ең төменгі резервтік талаптардың артуы ақша массасын азайтып, инфляцияға қарсы әсер етеді;
  • тұтынушылық несие нарығы айтарлықтай суып, номиналды өсім баяулаған;
  • Ұлттық қордан берілетін трансферттердің қысқаруы бюджеттік шығынын қысқартады;
  • ал рубльдің жыл соңына қарай әлсіреуі Қазақстан мен Ресей арасындағы саудадағы баға қысымын азайтады.

Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, дәл осы факторлар базалық мөлшерлемені көтермей-ақ инфляцияны төмендетуге жеткілікті болар еді. Ал мөлшерлеменің күрт көтерілуі экономикадағы тұрақтылықты емес, керісінше, сенім мен болжамдылықты әлсіретіп отыр.

10 қазан күні Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-дан бірден 18%-ға дейін көтерген. Бас банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл шешімін елдегі инфляцияның артуымен түсіндірген.

Сондай-ақ оқыңыз