Қартайғанда күнкөріске жетпейді: сарапшылар зейнетақы жарнасын көбейтуді ұсынып отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперлв

Қазақстандықтардың ай сайын зейнетақы қорына аударатын 10% жарнасы зейнет жасына жеткенде күнкөріске жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан сарапшылар зейнетақы жүйесін өзгертуді ұсынып отыр. БЖЗҚ-ның жылдық есебінде сарапшылардың ұсынысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданғаны жазылған.

Зейнетақы жүйесін дамыту жолдарын Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Әнуар Сәйденов, Елена Бахмутова сынды сарапшылар ұсынған. Қор сарапшыларының есептеуінше, егер азамат табысының кемінде 30%-ын зейнетақы ретінде алғысы келсе, 40 жыл бойы 13% немесе 30 жыл бойы 18 % зейнетақы жарнасын төлеуі қажет. Ал еңбек өтілі 20 жылмен шектелсе, қажетті мөлшерлеме 29,2% болуы тиіс.

«10% мөлшерлеме жеткіліксіз. Ол зейнетақы жүйесіне ұзақ уақыт қатысса да, жоспарланған табыс үлесін қамтамасыз етпейді», – делінген БЖЗҚ есебінде.

Бұл ұсыныстар халықаралық тәжірибемен де расталып отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) деректері бойынша, ЭЫДҰ елдеріндегі орташа зейнгетақы жарнасы – 18,2%.

«4+1» моделі ұсынылды

БЖЗҚ мен бірқатар сарапшы зейнетақы жүйесін жетілдіру үшін жаңа «4+1» моделін ұсынды. Бұл ұсыныс негізінде жұмыс берушілер қосымша жарна төлеуі тиіс:

  • 4% – қызметкерлердің жеке шотына аударылады (иелік ету және мұрагерлік құқығы сақталады);
  • 1% – ортақ сақтандыру қорына бағытталады, ол кейін өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз етеді.

Осылайша, жұмыс берушілердің жаңа жарналары енгізілсе, жалпы аударым көлемі 14%-ға дейін жетуі мүмкін.

Бұл модель бойынша, қызметкердің зейнетақы жинағы шамамен 80 жасқа дейін жеткілікті болса, кейін ол ортақ сақтандыру қорынан өмір бойғы төлем алуға көшеді. Мұндай төлемдер жүйеге адал қатысқан, яғни ұзақ жылдар бойы жарна төлеген азаматтарға ғана тиесілі болады.

Ұсыныс президентке жолданды

БЖЗҚ есебінде көрсетілген ұсыныстар мен есептер негізінде зейнетақы реформасының жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарауына жіберілген. Құжатта міндетті зейнетақы жарналарын «кемінде 13% немесе одан жоғары» деңгейге дейін көтеру ұсынылады.

Қор сарапшылары атап өткендей, қазіргі жүйе азаматтарға зейнет жасында табысының тек 13%-ын ғана қайтаруға мүмкіндік беріп отыр.

Негізі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер де міндетті зейнетақы жарналарын төлеуді бастаған. Қазіргі мөлшерлеме – 2,5%, ал 2028 жылға дейін ол 5%-ға жетеді. Осылайша, ресми жұмыс істейтін азаматтардың пайдасына БЖЗҚ-ға жалпы 15% (10% жұмыскерден, 5% жұмыс берушіден) көлемінде жарна аударылады.

Бұған дейін зейнетақы қаржысын тәуекелі жоғары құралдарға салуға рұқсат берілетіні жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз