Авто

Дөңгелек таңдау: жүргізушілерге арналған толық нұсқаулық

автошина, дөңгелек айырбастау
Дөңгелек таңдағанда қандай факторларға мән беру керек? / Фото: shutterstock.com

Көлік дөңгелегінің сапасы мен жағдайы тек автоның басқарылуына ғана емес, тежеу жолының ұзақтығына, жанармай шығынына және жалпы қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Алтай мен Каспийдің арасын алып жатқан Қазақстанның климаты өте құбылмалы. Мәселен, жазда аптап ыстық, ал қыста аяз бен көктайғақ. Осыған байланысты дөңгелекті дұрыс таңдау әрбір жүргізуші үшін аса маңызды шешім екені анық.

Жазғы, қысқы және барлық маусымға арналған дөңгелектер

Бүгінгі күні көлік құрастыру саласына қанша озық технологиялар енгізілсе де, шиналарға қатысты технологиялар айтарлықтай өзгерген жоқ. Олардың қарапайым үш негізгі түрі бар: жазғы, қысқы және барлық маусымға жарайтын.

Жазғы шиналар +7 °C жоғары температурада пайдалануға арналған. Қаттылығы жоғары резеңке қоспасынан жасалады. Артықшылығы – шу деңгейі төмен, отын үнемдеу жағынан тиімді. Кемшілігі – салқын түскенде резеңке қатайып, асфальтпен үйкеліс күші төмендейді.

Қысқы шиналар екіге бөлінеді: шегесі бар және фрикциялық (жабысқақ). Шегесі бары мұзда ыңғайлы, ал фрикциялық дөңгелектер қалың қарда және қала жағдайында қауіпсіз жүруге ыңғайлы. Артықшылығы – төмен температурада жолмен жоғары үйкеліс. Кемшілігі – жылы асфальтта тез тозады және шу деңгейі жоғары.

Барлық маусымға арналған шиналар – аралық шешім. Алматы, Түркістан облысы сияқты климаты жұмсақ өңірлерге жарайды, бірақ қысы қатал аймақтарда  толыққанды қысқы резеңкені алмастыра алмайды.

Өлшемі мен белгілері: 195/65 R15 деген нені білдіреді?

Әр дөңгелектің бүйірінде арнайы белгілер жазылады, мысалы: 195/65 R15 91H.
Бұл жазу былайша түсіндіріледі:

  • 195 – шинаның ені (миллиметрмен);
  • 65 – биіктіктің еніне қатынасы (пайызбен);
  • R – радиалды құрылым;
  • 15 – диск диаметрі (дюйммен);
  • 91H – жүк көтеру индексі (91 = 615 кг) және жылдамдық индексі (H = 210 км/сағ дейін).

Дөңгелек өлшемі көлік өндірушісінің нұсқаулығына сәйкес болуы керек. Ол ақпарат есіктің ішкі жағында, жаранмай багының қақпағында немесе пайдаланушы нұсқаулығында көрсетіледі. Өлшемі сәйкес келмейтін дөңгелек көліктің тұрақтылығына, жылдамдығына және жанармай шығынына кері әсер етуі мүмкін.

Қазақстан жағдайына арналған ең қолайлы дөңгелектер

Қазақстан жолдары әртүрлі: қаладағы тегіс асфальттан бастап, ауылдағы шаң мен қиыршық тасты жолдарға дейін. Сондықтан дөңгелек таңдағанда өңір мен жол түрін ескерген жөн.

  • Қала мен тас жолға – шу деңгейі төмен кез келген дөңгелек жарайды.
  • Солтүстік пен Шығыс өңірлеріне – шегесі бар қысқы және берік жазғы дөңгелектер қажет.
  • Ауылдық және қисық-қыңыр жолдарға – M+S (балшық және қар) белгісі бар, биік профилді дөңгелектер керек.
  • Оңтүстік өңірлерге – жыл бойына арналған дөңгелектер жарайды, бірақ жазда олардың қызуға төзімділігін бақылау керек.

Ең танымал 5 бренд: баға мен сапа үйлесімі

Шина брендтеріне келсек Қазақстан нарығында келесі маркалар сұранысқа ие.

  1. Nokian Tyres (Финляндия) – қысқы дөңгелектер бойынша көшбасшы, қарлы және мұзды өңірлерге өте қолайлы.
  2. Bridgestone (Жапония) – жоғары сенімділік пен төзімділік, ұзақ қызмет етеді.
  3. Michelin (Франция) – жайлы әрі шу деңгейі төмен, жанармай үнемдеу жағынан да ыңғайлы.
  4. Hankook (Корея) – қолжетімді баға мен сапаның үйлесімі.
  5. Kumho (Корея) – бюджеттік, бірақ сенімді нұсқа саналады.

Бағасы келсек бір дөңгелек шамамен 30 000-150 000 теңге аралығында тұрады.

Жүк пен жылдамдық индексі

Жүк индексі – бір дөңгелектің қанша салмақ көтере алатынын көрсетеді:

  • 91 = 615 келі,
  • 95 = 690 келі,
  • 100 = 800 келі.

Жылдамдық индексі – шинаны пайдалануға болатын ең жоғары жылдамдығын  көрсетеді:

  • T = 190 км/сағ дейін,
  • H = 210 км/сағ дейін,
  • V = 240 км/сағ дейін.

Көрсеткіштер өндіруші ұсынғаннан төмен болмауы керек.

Өндірілген уақыты маңызды ма?

Дөңгелек бүйіріндегі DOT коды – оның шығарылған мерзімін білдіреді. Мысалы, 2319 дегеніміз – 2019 жылдың 23-аптасы. Резеңке уақыт өте ескіреді, сондықтан бес жылдан асқан дөңгелекті сатып алу ұсынылмайды. Орташа қызмет мерзімі – 6-8 жыл.

Жаңа мен қолданыста болған дөңгелектердің айырмашылығы

Қолданылған дөңгелектер арзан көрінгенімен, қауіп төндіруі мүмкін.
Тексеру кезінде мына факторларға назар аударыңыз:

  • жарықтар мен ісіктер болмауы тиіс;
  • протектор тереңдігі кемінде 3 мм болуы қажет;
  • өндірілген мерзімі 5 жылдан аспауы керек.

Заңнамалық талаптар турасында

Қазақстанда қыс мезгілінде қысқы дөңгелектерді қолдану міндетті. Ережеге сәйкес, қарашадан сәуірге дейінгі кезеңде көлікте қысқы дөңгелек орнатылуы тиіс. Ал талап орындалмаған жағдайда айыппұл қарастырылған.
Протектордың минималды тереңдігі: қысқы – 4 мм, жазғы – 1,6 мм.
Зақымдары бар немесе тозған дөңгелектермен жүруге тыйым салынады.

Маусымға сай келмейтін дөңгелек үшін 5-10 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал заң бұзушылық қайталанып жатса айыппұл 10 АЕК-ке дейін артады. Сонымен қатар, жол апаты орын алған жағдайда сақтандыру төлемі төленбеуі ықтимал.

Дөңгелекті қоймада сақтау ережелері

Дөңгелектерді дұрыс сақтау олардың қызмет мерзімін ұзартады:

  • салқын, құрғақ, көлеңкелі жерде ұстау керек;
  • жылу көздерінен алыста тұрғаны жөн;
  • дисксіз дөңгелектерді тік қойып, ай сайын айналдырып тұру қажет;
  • дискі салынған дөңгелектерді көлденең қоюға болады, бірақ оларды да мезгіл-мезгіл ауыстырып тұрыңыз;
  • сақтауға дейін шаң мен кірден тазалап, арнайы маймен өңдеу ұсынылады.

Дөңгелек түрлері мен технологиялары

Дөңгелектерді тек маусымдық тұрғыдан саралау жеткіліксіз – қазіргі таңда олардың бірнеше техникалық ерекшеліктері бар. Мысалы, радиалды және диагональды дөңгелектер айырмашылығы ауыр техника мен жол талғамайтын көліктер үшін маңызды. Радиалды құрылым көліктің басқарылуын жеңілдетеді, ұзақ жолда біркелкі тозуға мүмкіндік береді, ал диагональды дөңгелектер көбіне жүк көліктері мен арнайы техникаға қолданылады.

Сондай-ақ заманауи шина технологиялары, мысалы RunFlat, дөңгелек жарылған жағдайда да белгілі бір қашықтыққа жол жүруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе ұзақ жолда немесе қала сыртында апатты жағдайларда өзекті. Қазақстан жолдарының кейбір бөліктерінде шұңқырлар көп болғандықтан, бұл технология қосымша қауіпсіздік береді.

Қала жолдарында жайлылыққа мән беретін жүргізушілер үшін «шуды жұтатын» қабаты бар дөңгелектер де маңызды. Мұндай шина жайлылықты қамтамасыз етеді, әсіресе Алматы, Астана сияқты қалалардағы қарбалас жолдарда тиімді.

Климат пен өңірге сәйкес шина таңдаудың ерекшелігі

Қазақстанның әр өңірінде жол мен ауа райы әртүрлі, сондықтан дөңгелек таңдағанда тек маусымдылықты емес, климаттық ерекшеліктерді де ескеру қажет. Мысалы, Алматы мен Шымкент сияқты өңірлерде қыс жұмсақ, ал жаз аптап ыстық болғандықтан, жүргізушілерге жыл бойғы дөңгелектер немесе жазғы шина + жеңіл қысқы нұсқасын таңдау ұсынылады.

Солтүстік пен шығыс өңірлерде, қыс қатал. Мұндай жағдайда қауіпсіздіктің басты кепілі тек шегелі немесе фрикциялық қысқы шина.

Ал Маңғыстау мен Атырау сияқты өңірлерде жолдар тегіс, күн ыстық, сондықтан жоғары температураға төзімді жазғы шина қолайлы.