
Әзербайжанның мемлекеттік SOCAR мұнай компаниясы Маңғыстау облысындағы Дұңға мұнай-газ кен орнын игеру жобасына қатысуға ниетті. Бұл жайлы Қазақстанның энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Report.az порталына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір «ҚазМұнайГаз» бен SOCAR арасындағы мұнай барлау және өндіру саласындағы әріптестік кеңейіп келеді. Екі елдің энергетика министрліктері бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
«Қазақстан мен Әзербайжан арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта ықтимал бірлескен жобалардың кең ауқымы қарастырылған. Солардың бірі – Маңғыстау облысындағы Дұңға кен орны. SOCAR бұл жобаға қатысуға қызығушылық білдірді. Қазір келіссөздер белсенді жүріп жатыр. Біз Әзербайжан Энергетика министрлігінің шешімін күтіп отырмыз. Өз тарапымыздан Қазақстан толық қолдау көрсетуге дайын», – деді Санжар Жаркешов.
106 млн тонна қор – стратегиялық әлеует
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында орналасқан Дұңға кен орны 1966 жылы ашылған. Геологиялық қоры – 106 млн тонна мұнай және 6 млрд текше метрден астам газ. Жоба 1994 жылы Қазақстан Үкіметі мен Oman Oil Company Limited арасында жасалған өнімді бөлу туралы келісім аясында іске қосылған.
2023 жылы «ҚазМұнайГаз» француздық TotalEnergies концернінің жобадағы 60% үлесін сатып алғаннан кейін оператор компанияның атауы Dunga Operating GmbH болып өзгерді.
Қазіргі уақытта жобаның қатысушылары:
- «ҚазМұнайГаз» – 60%;
- Oman Oil Company Limited – 20%;
- Partex Kazakhstan Corporation – 20%.
Бұл үштік мердігер консорциумы ретінде жұмыс істейді, ал Dunga Operating GmbH – жобаның негізгі операторы.
SOCAR соңғы жылдары Орталық Азиядағы энергетикалық жобаларға белсенді қатыса бастаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл – Әзербайжанның Каспий аймағындағы позициясын күшейтудің және аймақтық энергетикалық әріптестікті тереңдетудің бір қадамы.
Айта кетейік, Қазақстанда мұнай өндірісі қайта өсіп, рекордтық деңгейге жетті.
Reuters ҚазМұнайГаз деректеріне сүйеніп, Қазақстан биыл мұнай өндірісі жөніндегі бұрынғы жоспарын шамамен 2%-ға асыруы мүмкін деп болжайды. Оған Каспий өңіріндегі ірі кен орындарындағы жаңғырту жұмыстары себеп.