Бюджеттен бір университетке ғана 27 млрд теңге бөлгелі жатыр: себебі неде

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Бір палаталы парламент заң шығарушы органның бюджетінің үштен бірін үнемдемек / shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова
Аграрлық университетке 27 млрд теңге бөлінеді / Фото: kursiv.media архиві

Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенаторлардың ресми сауалына берген жауабында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне 36 млрд теңге бөлінетінін, оның 27 млрд теңгесі бюджеттен аударылатынын хабарлады.

Агросаладағы проблема

Еске сала кетейік, бұған дейін Әли Бектаев бастаған сегіз депутат аграрлық ғылымның жағдайы ауыр деп дабыл қаққан еді. «Мысалы, егемен ел болғалы аграрлық ғылым бірнеше рет реформаланды. Алайда ауыз толтырып айтатындай жетістікке жеттік дей алмаймыз» деген еді олар. Керісінше, 1990 жылдардан бері ғылыми зерттеу институттары 2 есе, тәжірибелік шаруашылықтар 2 есе, ал ғылыми қызметкерлер саны 6-7 есеге жуық қысқарған. Сонымен қатар, құрамында 33 ғылыми-зерттеу институттары бар Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы (НАНОЦ) зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнологиялық хабқа айнала қойған жоқ.

«Бүгінде бізде ғылымды дамыту мақсатында бағдарламалық-нысаналы және конкурстық қаржыландыру тетіктері жұмыс істейді. Алайда бұл тәсіл ғылым саласында қарқынды серпіліс жасауға жеткіліксіз. Тіпті ғылыми мекемелер өздеріне тиесілі қаражаттарын айлап ала алмай, ғалымдар зерттеу жұмыстарына уақтылы қаражат таппай сандалуда», – дейді сенаторлар.

Депутаттар жетекші оқу орыны «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған бағдарламасына» тоқталған. Бағдарлама шеңберінде университет құрамына 4 аграрлық ғылыми-зерттеу институттары мен 1 тәжірибелік шаруашылығы сенімгерлік басқаруға берілген. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін халықаралық деңгейдегі білім ордасына айналдыру. Сенаторлар аталмыш бағдарламаны республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртуға Үкімет тарапынан нақты қолдау көрсетуді сұраған.

Үкіметтің ұстанымы

Олжас Бектенов жауабында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ бірлесіп 2025-2029 жылдарға арналған Университетті дамыту бағдарламасын әзірлегенін растайды.

«Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы мөлшері шамамен 36 млрд теңге құрайды, оның ішінде республикалық бюджет есебінен шамамен 27 млрд теңге көзделеді. Қазіргі уақытта қаржы-экономикалық және инвестициялық негіздеме әзірленуде. Бюджеттік заңнамаға сәйкес қаржы-экономикалық негіздеме бойынша оң қорытынды алынғаннан кейін бюджет қаражатын бөлу мәселесі Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарылады», – делінген жауапта.

Бағдарлама Университеттің материалдық-техникалық және зертханалық базасын жаңартуды, ғылыми зерттеулерді, білім беру процесін интеграциялауды және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуді қамтитын халықаралық деңгейдегі білім беру және ғылыми орталыққа айналдыруды көздейді.

Сондай-ақ оқыңыз