Бизнес өре түрегелді: кәсіпкерлер DSRC компаниясын кеденге кіргізуге неге қарсы

Қазақстан Мемлекеттік кірістер комитеті квазимемлекеттік саладан кеден брокері ретінде DSRC компаниясын құру бастамасын көтеріп жүр. Алайда бизнес ұсынысқа қарсы өре түрегелді.
Мәселе Қаржылық бақылау комитетінің «Digital Silk Road Company» ЖШС-ны (DSRC) кедендік қызметтер нарығындағы жаңа ойыншы ретінде енгізу жоспарынан туындаған. Билік органдары осы арқылы кеден брокерлерінің қызметіндегі ашықтық мәселелерін шешеміз деп отыр.
Компанияны көпшілікке таныстыру барысында DSRC директорының міндетін атқарушы Дәурен Мұқашев жұмыс цифрлық платформа арқылы жүргізілетінін, клиенттермен тікелей байланыс болмайтынын және қызметтерге бекітілген баға орнатылатынын айтқан. Сонымен қатар компанияның бюджеттік субсидиясыз жұмыс істейтініне сендірген.
Бизнес неге қарсы
Алайда кәсіпкерлер мен сарапшылар DSRC өкілінің сөзіне сене қоймаған.
«Нарықта жұмыс істеп жатқан 230 компанияның барлығы да цифрлық платформаларды пайдаланып келеді. Ұсынылған тұжырымдама нарықтағы брокерлік компаниялардан нақты артықшылықтарды немесе айырмашылықтарды көрсетіп отырған жоқ», – дейді «Қазақстан кедендік делдалдарының (өкілдерінің) Ассоциациясы» ЗТБ кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаков.
Нарықтағы брокерлердің қызметін пайдаланатын бизнес көпшілік даусымен мемлекеттік орган бастамасымен тағы бір ойыншының пайда болуына қарсы болды. Бизнес-қауымдастық мемлекеттік брокер құру кәсіпкерлік кодексті бұзатынын айтады. Қызмет нарығы бәсекеге қабілетті, онда 230-дан астам жеке компания сәтті жұмыс істейді, ал заң бойынша нарық өздігінен жұмыс істеп тұрған уақытта мемлекеттің араласуына құқығы жоқ.
Басты қауіп неде
Бизнес өкілдері мемлекеттік әкімшілік ресурспен және бекітілген баға саясатымен DSRC нарыққа кірсе, бұл жеке брокерлердің нарықтан ығысуы мен банкрот атануына апарып соғатынын айтады. DSRC-ның МКК-мен байланысы мүдделер қақтығысын тудырады деп санайды. Кеден инспекторлары өз компаниясын бақылаусыз қалдырып, импорттаушыларды бақылаудан құтылу үшін мемлекеттік брокерге жүгінуге мәжбүр етуі мүмкін.
«Бұл – президенттің экономикалық дамуда мемлекеттік үлесті азайту және монополияны жою саясатына жасалған қасақана қарсы әрекет», – деді «Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы» ассоциациясының өкілі Мунавара Палташева.
Жаңа компания жайлы
Ашық дереккөздерде «Digital Silk Road Company» ЖШС 2022 жылы құрылғаны, компания мемлекет меншігінде екені жазылған. Мың адамға дейін жұмыс істейтін компанияның басшысы Ерлан Хасенов деп көрсетілген.
Компания түрлі салаларда жұмыс істейді. Атап айтқанда, сақтау және қоймалау, (азық-түлік емес тауарларды сақтау), веб-порталдар қызметі, деректерді өңдеу саласындағы қызметтер. (мәліметтердің негізінде), серверлік бөлмелерді беру, бағдарламалық кодты әзірлеу және тестілеу, бағдарламалық қамту, веб-ресурстарды (сайттар, ақпараттық жүйелер) қолдау, IT жобаларды басқару мен техникалық құжаттама мен жүйелік архитектура әзірлеумен айналысады.
Ашық дереккөздерде 2025 жылдың маусым айында «Digital Silk Road Company» мен Қытайдың Polyking New Horizons Technology Industry Co., Ltd компаниясы арасында бірлескен жұмыстар туралы кездесу болғаны жазылған. Олардың мақсаты – Қазақстанның шекаралас аймақтарында цифрлық логистика мен инвестиция тартуды дамыту. Компанияның Жетісу және Алматы облыстарында филиалдары бар.