
Алматы әкімдігі қалада бағаны тұрақтандырып ұстап отыру үшін тұтыну нарығында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, қалада халық табысын қорғауға бағытталған бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, сумен қамту, су бұру, электр және жылумен қамту тарифтері төмендеген.
«Қыркүйек қорытындысы бойынша Алматыдағы жылдық инфляция деңгейі – 13,2%. Көрсеткіш орташа республикалық деңгейден сәл ғана жоғары. Азық-түлік тауарларының қымбаттауы ел бойынша ең төменгі көрсеткіштің бірі – 9,2%», – деді әкімнің орынбасары.
Смағұловтың айтуынша, бағаны тұрақтандыру бағдарламасы аясында тауар тасымалдаушылармен тікелей келісімшарттар жасалып, демалыс күнгі жәрмеңкелер мен фермерлерден өнім жеткізу арналары кеңейтілген.
Айта кетейік, осыған дейін демалыс күндері алматылықтар үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып жатқанын хабарлаған едік.