Сирияның жаңа басшысы Ресеймен жасалған шарттардың күшін жоғалтпайтынын растады

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Сирияның жаңа басшысы Ресеймен жасалған шарттардың күшін жоғалтпайтынын растады / Фото: Shuttertsock

Сирияның жаңа басшысы Ахмед аш-Шараа Мәскеуге сапары кезінде Башар Асад кезінде жасалған келісімшарттардың күшінде қалатынын растады. Яғни Сириядағы Ресей әскери базаларын сақтап қалуға уәде берді.

Қандай келісім?

DW ақпаратына сүйенсек, Ахмед аш-Шараа 15 қазанда Мәскеуге сапары барысында Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Аш-Шараа Сириядағы екі ресейлік әскери базаның – Хмеймим әуе базасы мен Тартустағы Әскери-теңіз базасының болашағына алаңдамау туралы сөз қозғаған.

2024 жылдың соңында Аш-Шарааның қарулы тобы Мәскеуден қолдау алып отырған Башар Асад билігін құлатқан. Ресей Асадқа осы Аш-Шарааның қарулы тобымен күресу үшін ұзақ жылдар бойы қолдау көрсетіп келген. Алайда Сирияның жаңа басшысы бұл туралы сөз қозғамаған.

«Ресей мен Сирия арасында екіжақты қатынастар мен ортақ мүдделер бар және біз қол жеткізілген барлық келісімдерді құрметтейміз. Біз Ресеймен қарым-қатынастың сипатын қайта анықтау үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді аш-Шараа Кремльдегі келіссөздердің барысында.

Путин өз тарапынан Сирия басшысын қазан айының басында парламенттік сайлау өткізуімен құттықтады.

«Менің ойымша, бұл сіздің үлкен жетістігіңіз, өйткені ол қоғамның біртұтас шоғырлануына ықпал етеді», – деді Ресей президенті.

Башар Асадты Сирияға қайтара ма?

Көптеген сарапшылар Аш-Шараның Мәскеу сапарының тағы бір мақсаты Сириядан қашып, Ресейден пана тапқан Башар Асадты елге қайтару екендігін айтады. Аш-Шара жеке кездесуде Путинге бұл өтінішті жеткізбек деген де пікір болған. Алайда сарапшылар Мәскеудің бұл өтінішті орындауы неғайбыл деп отыр.

Бұдан бөлек, Сирияның жаңа басшылығы Ресейдің Асад жақтастарын қайта қаруландырмай, керісінше Сирияның жаңа әскеріне қолдау көрсетуін қалайды.

Айта кетейік, 5 қазанда Сирияда парламент сайлауы өткен.

Сондай-ақ оқыңыз