
Ұлыбритания ең ірі ресейлік мұнай-газ өндіруші компаниялар – Лукойл мен Роснефтьке қарсы санкция енгізді. Ақпарат Ұлыбритания үкіметінің сайтындағы санкциялар тізімінде жарияланған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Санкция әсерінен аталмыш компаниялардың Британиядағы активтері бұғатталды. Шара трасттар мен көліктерді де қамтиды.
«Ресей Үкіметі үшін стратегиялық маңызы бар секторда, атап айтқанда, энергетикалық секторда бизнес жүргізуге байланысты», – деп көрсетілген құжатта.
Айта кетейік, бұған дейін компаниялар секторлық санкцияға ұшыраған. Яғни олар өндіретін өнімді Ұлыбританияға тасымалдауға тыйым салынған.
Санкциялар, әсіресе, Роснефтьке ауыр соқпақ. Себебі компанияға тиесілі, компания бақылайтын, жарғылық немесе эксплуатациялық кемелерді Ұлыбритания портына кіргузе тыйым салынды. Сол сияқты компанияға тиесілі әуе кемелеріне елдің үстінен ұшуға немесе оның аумағына қонуға тыйым салынды.
Лукойл компаниясы Қазақстанның батыс және оңтүстік аймағында мұнай кен орындарында жұмыс істейді. Компанияның Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт болған.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Ресей Украинаға тиесілі болған Қырымды басып алғаннан кейін батыс елдері біртіндеп санкция енгізе бастаған. Ал 2022 жылы ақпанда Ресей әскері Украинаға жаппай шабуыл жасап, соғыс оты өршігеннен кейін санкция режимі де қатайған. Еуропа елдері мен АҚШ Ресейдің ірі компанияларына ғана емес, соғысты бастауға ұйытқа болған және оны қолдап келе жатқан көптеген Ресей азаматына қарсы санкция салған.