Дастан Сатпаев әлемдегі ең талантты 60 жас футболшының тізіміне енді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: ашық дереккөзден

Британдық The Guardian газеті әлемдегі ең талантты жас футболшылардың тізімін жариялады. Басылым 2008 жылы туған ең әлеуетті 60 ойыншыны таңдаған. Солардың арасында «Қайрат» пен Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев та бар. Ол рейтингте 30-орында тұр.

The Guardian Сатпаевты «Қайраттың ең жарқын жұлдызы» деп атап, биыл қазақстандық клубтың Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққанын ерекше атап өтті.

««Челси» клубы Сатпаевты 4 млн еуроға сатып алғанына қуану керек, өйткені оның құны алдағы уақытта едәуір өседі. Ол жоғары жылдамдық пен тамаша техниканы шешім қабылдау қабілетімен үйлестіре біледі. Жас ойыншы 2026 жылдың тамызында «Стэмфорд Бриджге» келген соң, Англия Премьер-лигасында өз әлеуетін көрсетемін деп үміттеніп отыр», – деп жазады басылым.

Рейтингтің алғашқы орнында аргентиналық «Ланус» клубының 17 жастағы шабуылшысы Томас де Мартис бар. Ол Аргентина U17 құрамасы сапында 13 матчта 11 гол соққан.

Сонымен қатар үздік 60 ойыншының қатарына «Барселонадан» вингер Тони Фернандес пен жартылай қорғаушы Нико Гильен, дортмундтық «Боруссиядан» Самуэль Инасио, «Бавариядан» Карл Леннарт және «ПСЖ»-ден Ибрагим Мбайе кірді. Соңғысы биыл париждік клуб сапында барлық турнирлерде 9 матч өткізіп, оның ішінде Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің 2-турында «Барселонаға» қарсы негізгі құрамда алаңға шыққан.

Осы күзде Дастан Сәтпаев «Қайрат» клубында ойнап жүріп жарақат алған. Енді Қатар астанасы Дохаға қосымша медициналық тексерістен өту үшін жол тартты.

Сондай-ақ оқыңыз