
Осы жылдың бірінші қазанындағы жағдай бойынша, елдегі жұмысынан айырылған 285,2 мың адамға 95 млрд теңге төленді. Қаржы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілді, оның ішінде 240,5 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды.
Заң бойынша, 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем беріледі. Ол бұған дейінгі ай сайынғы табысының 45%-на тең.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған азамат төмендегідей қадамдар жасау керек:
– eGov.kz порталында авторизациялану;
– «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
– онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу.
Оған бір күн ішінде тұрғылықты жеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
» МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған», – деп ескертеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.
Айта кету керек, бұдан былай елде жұмыссыз жүргендер бақыланады. Еңбекмин үш ай бойы жұмыс істемейтін азаматтарды есепке алады.