Депутат: Қазір ел қылмыскерден емес, полициядан қорқатын заман болды

Бүгін мәжілісте «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасын талқыланды. ішкі істер министрі Ержан Сәденов құжатты таныстырды. Жоба талқылауына қатысқан депутат Бақытжан Базарбек қоғамдық көмекшілер жайлы мәселені көтерді деп жазады Kursiv.Media тілшісі. Оның сөзінше, қоғамдық көмекшілер материалдарды ұсынғанмен, көп жағдайда полиция іс қозғамайды, жабулы күйде қалдырады. Керісінше белсенділердің өзін қысымға алады.
«Қоғамдық көмекшілер көтерген істер қозғалмай жатыр. Қазіргі заман қылмыскерден емес, полициядан қорқатын заман болып тұр. Тау бөктеріндегі ағаштарды заңсыз кескен, Алматыдағы заңсыз жер пайдалану сияқты фактілерді ашып жатыр. Бірақ қылмыстық іс қозғалмайды. Қайта бай, ығай-сығайлар қоғамдық көмекшілерге қысым жасайды. Соған шыдай алмаған көмекшілер мемлекетке көмектеспей, өз жұмыстарымен айналысады», – деді ол мәжілісте.
Депутат Алматы қаласы, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облысында тау бөктеріндегі ағаштарды заңсыз кескен фактілерді анықтаған. Алматыдағы Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай ауданындағы заңсыз ағаш кесуден бюджетке 15 млрд теңге шығын келген.
«Өкінішке орай, әкімдік сіздерге іс материалдарын берсе, іс қозғамайсыздар. Алматы қаласы бойынша 12 фактіні анықтадым, бірде-бір қылмыстық іс қозғалған жоқ. Министр мырза, мен көргенді, комиссия көргенді неге полиция көрмейді», – деді Бақытжан Базарбек.
Депутат айтқан, қоғамдық көмекшілер құқық қорғау, тәртіп сақтау немесе басқа да қоғамдық маңызды салаларда ерікті жұмыс істейтін азаматтар.
ІІМ дерегінше, елде 20 мыңға жуық қоғамдық көмекші бар. Олардың көмегімен 9 ай көлемінде 300-ден астам қылмыс ашылды. 15 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды.
Олар ешқандай айлық алмайды. Белсенді жұмыс істеген азаматтарға жергілікті органдар сыйақы тағайындауы мүмкін.