Жаңалықтар

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Ташкентте автобуспен қаланы аралады

Шафкат Мирзиеев
Фото: Өзбекстан президенті баспасөз қызметінен

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Ташкенттің Чиланзар ауданында болып, қала автобусына мінді. Махалла тұрғындарымен кездесті, сондай-ақ мәдениет және демалыс саябағына барды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Мирзиёев сапар барысында автобус қатынасын сапалы ұйымдастырудың маңызын атап өтіп, жолақы төлеу жүйесін реттеу, қозғалысты цифрландыру және аялдамалардағы жағдайды жақсарту жөнінде тапсырмалар берді.

«Жаңа автобустар жолаушыларға қосымша қолайлылық туғызды. Ендігі міндет – жолдағы кептелістерді азайтып, автобустардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету. Басты мақсат – Ташкенттегі қоғамдық көлік қамтитын жолаушылар санын екі миллион адамға жеткізу», – деді Өзбекстан президенті.

Қазір Ташкентте күн сайын қатынайтын автобустар саны 1400-ге жеткен. Алдағы күндері тағы 245 автобус әкелу жоспарланып отыр.

Бұған дейін Өзбекстан президентінің ЖИ-ге қатысты жарлығы туралы жазған едік. Оның бұйрығы бойынша, елдегі 2000 шенеунік қысқарып, оларды ЖИ алмастыратын болды.