
Ақтөбе облысы Ойыл ауылында 14 жастағы оқушы қыз босанды. Ол алпыстан асқан өгей нағашы атасынан жүкті болып қалған. Күдікті қамауға алынды. Балалардың құқығын қорғау комитеті жағдайды бақылауға алды.
Ойыл ауданының орталығындағы орта мектепте оқитын тоғызыншы сынып оқушысы 13 қазанда сабақ кезінде толғатқан. Бар болғаны 14 жастағы қыздың аяғы ауыр екенін туыстары да, мектеп мұғалімдері де білмеген. КТК телеарнасының мәліметінше, «қуығы ауырғанын» айтқан уақытта ғана дәрігер оқушыны толғақ қысқанын анықтаған.
Полиция Ойылдағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Күдікті қамауға алынды. Ол оқушы қыздың нағашы әжесінің алтыстан асқан күйеуі, яғни өгей атасы болып шықты.
«Аталған факті бойынша полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тұлға анықталып, қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Іс толық бақылауға алынды», – дейді Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев телеарна тілшісіне.
Ойыл ауылындағы осы оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті шағын мәлімдеме таратты.
«Қазір таңда оқушы мен сәбидің денсаулығы тұрақты. Жасөспірімге қажетті психологиялық көмек көрсетілді. Оқиға бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады комитет.
Мекеме мәлімдемесінде осы жағдай өңірлік балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында екені де айтылды.
Мәліметтерге қарағанда, қыздың әке-шешесі ажырасқан. Ол анасының қолында тұрады. Оқушы қыркүйек айында ғана медициналық тексеруден өткен, бірақ ешкім оның жүкті екенін байқамаған.