
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Даму бағдарламасы өкілінің мәлімдеуінше, Газа секторын қалпына келтіруге 70 млрд доллар керек. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Израиль мен Палестина арасында екі жылға созылған соғыс барысында Газа секторындағы үйлер мен ғимараттар кем дегенде 55 млн тонна үйіндіге айналды.
Бағдарлама өкілі Яко Силлиерстің айтуынша, орасан зор шығынды БҰҰ, Еуропа одағы және Дүниежүзілік банк есептеп шыққан. Қазірдің өзінде Араб елдері, Еуропа және АҚШ қаражат аударуға әзір.
«Бүкіл аумақты қалпына келтіре алмаймыз-ау», – деп ескертті БҰҰ өкілі.
Оның айтуынша, алдағы үш жылда Газаны қалпына келтіруге шамамен 20 млрд доллар жұмсалу көзделіп отыр. Алай Силлериес сектордағы жұмыс нақты қашан аяқталатынын айтудан бас тартты. Өйткені көп нәрсе қаржыға келіп тіреледі. Сол себепті ауқымды жұмыс ондаған жылға созылып кетуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Израиль мен ХАМАС атысты доғаруға келіскен. 10 қазанда Израиль үкіметі бейбіт келісімді мақұлдады. Халық қантөгістің тоқтағанын тойлауға кірісіп кетті. Ал 13 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимге ұшып барып, «соғыс аяқталды» деп мәлімдеді. Сол күні Құрама Штаттар, Түркия, Мысыр мен Қатар декларацияға қол қойды. Алайда 14 қазанда Газада тағы оқ атылып, алты палестиналық мерт болды.
Израиль армиясының Газа секторына шабуылдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Шамамен 193 мың ғимарат қирады немесе зақымданды. Олардың арасында жүздеген аурухана мен мектеп бар.