
Александр Клебанов пен Сергей Канға тиесілі корпорация «Петропавл жылу желісін» 2025 жылдың аяғына дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің меншігіне өткізеді. Бұл туралы Kursiv.Media inbusiness.kz мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Петропавл әкімдігі жылу желісін өңір меншігіне алу үшін «Севказэнергомен» келіссөз жүргізіп жатқанын медиахолдингке растаған. Осындай шешім қабылдаудағы маңызды фактор – желінің әбден тозығы жеткен. Әкімдік кәсіпорын жабдығының 70%-дан астамы ескірген деп есептейді. Ал оны жаңарту үшін мемлекет бюджетінен қаражат тарту керек болады.
«Түпкілікті құжатқа қол қойылған соң мүдделі тараптар мен БАҚ-қа хабар беріледі. Мұндай жұмыстар 2025 жылдың аяғына дейін аяқталуы керек», – дейді әкімдік өкілі.
Келісім құны әзірге белгісіз. Кәсіпкерлер ескірген кәсіпорынды мемлекетке қаншаға сататыны ішкі аудит пен қала билігінің тексеруінен кейін мәлім болады.
Естеріңізге сала кетейік, Клебанов пен Кан 2024 жылы Екібастұз ЖЭО-сын мемлекетке 3,7 млрд теңгеге сатқан. 2022 жылғы қарашада жылу желісі істен шығып, қала тұрғындары 30 градус аязда жылусыз қалған. Былтыр «Самұрық Қазына» қаладағы жылу желісін жөндеу үшін 12,6 млрд теңге бөлген.
«Петропавл жылу желісі» кәсіпорны «Севказэнерго» компаниясына қарайды. Ол Клебанов пен Канның «Орталық Азия электр энергетикасы корпорациясына» тиесілі.