Жаңалықтар

Ақордада құрылған инвестиция бөлімін экс-министр басқарады

бұрынғы экономика министрі
Экс-министр Нұрлан Байбазаров / фото: primeminister.kz

Бұрынғы экономика министрі Нұрлан Байбазаров Президент әкімшілігінің Инвестициялар және сауда бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қазанда жаңа қызметке тағайындау жөніндегі өкімге қол қойды. Шамамен бір жыл бұрын, 2024 жылғы желтоқсанда ұлттық экономика министрі қызметінен алынған Байбазаров президент әкімшілігіне кірді.

Бір қызығы, бұған дейін Тоқаев әкімшілігінде инвестиция бөлімі болмаған. Осы уақытқа дейін Ақордада ел экономикасына әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімі жауапты болып келді. Жаңа бөлімнің ашылуынан-ақ биліктің, әсіресе президенттің инвестиция тарту мәселесіне ерекше ден қойып отырғанын аңғаруға болады. Үкімет тікелей шетел инвестициясын көбірек тартуды көздеп отыр.

50 жастағы Нұрлан Байбазаров 2024 жылғы ақпанда ұлттық экономика министрі болып тағайындалған. Алайда министрлікте бір жыл да отырмай, былтыр желтоқсанда қызметтен алынған.