Авто

Рекорд: қыркүйекте әлемде 2,1 млн электромобиль сатылды

BYD Shenzhen кемесі алғашқы рейсін Бразилияға жасады / фото: REUTERS/Anderson Coelho
BYD Shenzhen кемесі электрокарларды Бразилияға жеткізу сәті / фото: REUTERS/Anderson Coelho

Электромобиль мен гибрид автокөліктердің әлемдегі саудасы 2025 жылғы қыркүйекте 26%-ға артып, 2,1 миллионға жетті. Осындай рекордта Қытай үлесі көп. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Электрокар мен гибридке сұраныс,әсіресе, Қытайда жоғары. Әлемде сатылған электромобильдің үштен екісі – 1,3 млн дана көлік осы елдің үлесіне тиесілі. Мәліметті Rho Motion зерттеу компаниясы есептеп шығарды.

Солтүстік Америка да рекорд жаңартты. Мұнда шамамен 215 мың электрокар сатылды. Өйткені америкалықтар жеңілдікті пайдаланып үлгеріп қалуға тырысып жатыр. Бәрі 7500 доллардың салық жеңілдігін алғысы келеді.

Еуропада да сұраныс жоғары – 427 мың электромобиль сатылған. Әлемнің қалған бөлігі 153 мың көлік алған.

Қытай әлемде сатылатын электрокарлардың жартысынан астамын жеткізіп отыр. Қыркүйек әдетте тұтынушылардың атвокөлікті жиі сатып алатын кезеңіне жатады. Бұл жолы да солай болып шықты.

Дегенмен сарапшылар жылдың төртінші тоқсанында сұраныс азаяды деп болжап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 7 қазанда Tesla Model 3 және Model Y нұсқаларының арзан Standard көліктерін таныстырған. Компания көпшіліктің қолы жететін электромобиль шығару арқылы сауданы қыздыра түспек.

Бұған қоса, Ferrari де алғаш рет электромобиль шығарып жатыр. Бірақ оның бағасы тым қымбат – 260 млн теңге.