Тарихта алғаш рет: алтын бағасы 4200 доллардан асты

Жарияланды 15 Қазан 2025 14:26

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
алтын золото gold
Алтын бағасы / фото: shutterstock

Адамзат тарихында алғаш рет алтын 4200 доллардан жоғары бағаға саудаланып жатыр. Жиырма жылда құнды металл 783%-ға, яғни шамамен 3677 долларға қымбаттады. 2005 жылы алтын бар болғаны шамамен 600 доллардан саудаланған еді. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.

Адамдар алтын құнын ықылым замандарда да жоғары бағалаған, оны саудада жиі пайдаланған. Дегенмен алтынға ең зәру дәуірлердің өзінде бағалы металл құны дәл қазіргідей жоғары болған емес. Содан бері мыңдаған жылдар өткенде – бүгін алтын инвесторлардың актив сақтаудың тиімді құралына айналып отыр.

Алтын бағасының көтерілуінің бірнеше себебі бар. Қаржы саласындағылар АҚШ-тың пайыздық мөлшерлемені түсіруінен сескеніп отыр. Бұған қоса көпшілік Құрама Штаттар мен Қытай арасындағы сауда соғысының қайта жандануына да алаңдайды. Әлемнің екі ірі экономикасы да бағаға келісе алмай отыр.

Соған байланысты инвесторлар да, әлем елдерінің орталық банктері де алтынды көптеп сатып алып жатыр. Нарықтың басты ұстанымы – сұраныс артқан сайын баға да көтеріледі.

Астана уақытымен сағат 14:15-тегі баға бойынша, алтынның бір унциясы 4 204,73 доллар тұрады. 15 қазан, сәрсенбідегі сауда барысында оның құны 4 211,94 долларға дейін көтерілген.

Алтынға ілескен күміс те қайта-қайта рекорд жаңартып жатыр. Сәрсенбіде оның құны 53 долларға дейін көтерілді. Қазір күміс 52,55 доллар тұрады.

Алтын кейінгі бір жылда қатты қымбаттады. 2024 жылғы қазаннан бері бағалы металл құны 55%-ға, яғни 1473 долларға көтерілді. Ал жиырма жыл бұрын сарғылт түсті құнды зат бар болғаны 600 доллар шамасында сатылған. Содан бері оның бір унциясының құны 783%-ға, яғни 3677 долларға көтерілген.

Естеріңізге сала кетейік, алғаш рет алтын бағасы 4 мың долларлық межені 7 қазанда еңсерген. Онымен бірге күміс те қымбаттап жатқанын жазғанбыз.

Алтынды қайдан алып, қалай сақтау керектігін білмесеңіз, Kursiv.Media материалын оқып шығыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз