Астанаға LRT-ның жаңа вагондары жеткізілді

Астанаға жеңіл рельсті көлік (LRT) желісіне арналған жаңа вагондар партиясы жеткізілді. Осыған байланысты қалада бірқатар көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
City Transportation Systems (CTS) компаниясының хабарлауынша, бұл екі құрам сынақ режиміндегі жұмыстарға дайындық аясында жеткізілген. Вагондарды эстакада жолдарына орнату жұмыстары 17 және 18 қазанға жоспарланған.
17 қазанда алғашқы құрам №104 және №105 станциялары арасындағы учаскеге, яғни Қабанбай батыр даңғылы бойындағы «Астана жұлдызы» стелласы маңына орнатылады.
18 қазанда екінші құрам Ш. Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысындағы учаске – №113 (Министрліктер үйі) және №114 (Ұлттық музей) станциялары арасына қойылады.
18-19 қазан сағат 00:00-ден 06:00-ге дейін Ш. Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл шектеу жеңіл рельсті көлік (LRT) желісі бойынша монтаждау жұмыстарына байланысты енгізіледі.
Жоспар бойынша, барлық сынақ жұмыстары аяқталған соң, жеңіл рельсті көлік жолаушыларды 2026 жылдың көктемі немесе жазында тасымалдай бастайды.
Айта кетейік, қыркүйектің 29-ынан бастап қалада сынақтық пайдалану кезеңі басталды. Пойыздар пилотсыз режимде қозғалып жатыр, ал мамандар жүйенің қауіпсіздігін және барлық жүйелердің жұмысын тексеруде.