«Алты минутта екі оқ тиген»: сарбаздың анасы ұлының кісі қолынан өлгеніне сенімді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Сарбаз Қайсар Сұлтановтың ісі бойынша тергеу қайта басталды/фото: kursiv.media

Екі жыл бұрын басына екі оқ тиіп қайтыс болған сарбаз Қайсар Сұлтановтың ісі бойынша тергеу қайта басталды. Марқұмның анасы Сәуле Тілеубергенованың айтуынша, қылмыстық іс бұған дейін «суицид жасады» деген желеумен екі рет жабылған. Алматыда өткен баспасөз конференциясына заңгер Инга Иманбай құзырлы органдардан қылмыстық іс қозғалған бапты ауыстыруды сұрады.

Істің мәнжайы

21 жастағы Қайсар Сұлтанов 2023 жылдың 9 қазанында Астанадағы Ұлттық ұланның №6636 әскери бөлімінде қаза тапқан. Сол уақытта әскерге қабылданғанына үш ай болған. Ресми ақпарат бойынша, сарбаз өзіне қол жұмсаған. Ал анасы Қайсардың басына екі оқ тигенін айтып, ұлы кісі қолынан қаза тапқанына сенімді.

Алты минутта екі оқ атылған

Заңгер Инга Иманбай сарбаздың қазасынан кейін ешкімнің жауапқа тартылмағанын айтты.

«Екі рет басына оқ тиген адамды суицид жасады деп, істі жауып тастады. Екі оқ та басына тиген. Адам өз басына екі рет оқ ата алмайды. Бірінші оқ пен екінші оқтың арасында 6 минут өткен. Қайсар өзін-өзі өлтіруге шешім қабылдады делік. Бірінші оқтан кейін басы шашылып кеткен. Сонда алты минут ойланып, екінші рет оқ атуға шешім қабылдаған ба? Бұл ойға қонбайтын дүние», – дейді заңгер.

«Екінші оқты қалай атты?»

Сәуле Тілеубергенова құзырлы органдардың қылмысты ашуға құлқы жоқ екенін айтады.

«Ұлым әскери қызмет барысында жұмбақ жағдайда қаза тапты. Тергеу оның өзін өлтіргенін дәлелдейтін бірде-бір айғақ ұсынбады. Қылмыстық іс материалдарымен танысып, әскери-тергеу басқармасы басшылығы мен тергеушімен сөйлескеннен кейін, олардың шындықты ашқысы келмейтінін түсіндім. Тергеу үстірт жүргізілді, қылмысты жасыруға тырысты. Содан кейін шындықты өзім іздей бастадым», – дейді марқұмның анасы.

Анасының сөзінше, Қайсар бірінші атылған оқтан кейін қайтыс болған.

«Сараптама қорытындысына сәйкес, ұлым жарақат алғаннан кейін қозғала алмаған. Бірінші оқтан кейін қайтыс болған. Мұндай жарақат кезінде адам бірден есінен танып, сол сәтте қайтыс болады. Ұлым бірінші оқтан кейін қайтыс болса, екінші рет өзіне қалай оқ атуы мүмкін?», – дейді анасы.

«Видеоның бәрі өшірілген»

Марқұмның анасы мен заңгер істегі тағы бір күмәнді жайт ретінде бөлімшедегі барлық видеоның өшірілгенін атады.

«Екі жылдан бері Қайсардың басына екі оқ атқан қылмыскер бостандықта жүр. Әскерде майор, полковник шығар. Нақты кім өлтіргенін білмейміз. Қайсардан кейін бірнеше сарбаздың өмірін жалмаған шығар. Неге өлім тоқтамайды? Себебі көзге көрініп тұрған өлімді суицид деп жауып тастайды?», – дейді заңгер Инга Иманбай.

«Адам өлтіру» бабына ауыстыруды сұрап отыр

Айтуынша, қылмыстық іс қайта тергеуге жіберілді. Алайда марқұмның анасын тергеу деректерімен таныстырмаған.

«Тергеушіге хабарластық, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр деген жауап алдық. Бұл іске қорғаныс министрлігінің назарын аударғымыз келеді. Тергеуді екі жыл бұрынғыдай емес, әділдікке жету мақсатында жүргізсе дейміз. Іс «адам өлтіру» бабы бойынша қаралуы керек», – дейді заңгер.

Қазір іс қылмыстық кодекстің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша тергеу жүріп жатыр. Заңгер істі 99-бапқа (адам өлтіру) ауыстыруды сұрап отыр.

«Бұл жерде қылмысты жасағандармен қатар, қылмысты жасырғандар да бар. Видеоны кім өшірді? Кім Қайсардың терезеге жұққан қанын сүртіп тастады? Кім шүріппедегі және терезедегі қол іздерін алғызбады?», – дейді заңгер.

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы Үстірт шекара қызметінде қайтыс болған сарбаз Еркебұлан Сағындықтың туыстары оның жазатайым оқиғадан қайтыс болғанына сенбейтінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз