Британ санкциясына іліккен «Лукойл» Қазақстандағы жобаларын жалғастыра алады

Ұлыбритания үкіметі Ресейдің «Лукойл» компаниясына қатысты санкцияларды жұмсартып, Қазақстандағы мұнай жобаларына қатысуына уақытша рұқсат берді. Бұл шешім 2027 жылдың 14 қазанына дейін күшінде болады.
Ұлыбританияның Қаржы министрлігі Russian Oil Exempt Projects (INT/2025/5635700) деп аталатын арнайы лицензия жариялады. Бұл құжат ресейлік мұнай компанияларына қатысты енгізілген санкциялардың кейбір халықаралық жобаларға таралмайтынын нақтылайды.
Лицензия бойынша, «Лукойл», «Газпром нефть» және «Роснефть» сияқты компаниялар Қазақстан мен Әзербайжандағы маңызды мұнай-газ жобаларында жұмысын жалғастыра алады.
Санкциядан босатылған жобалар тізіміне Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В., Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) кіреді.
Ұлыбритания бұл жобалар үшінші елдердің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды деп есептейді. Мысалы, КҚК арқылы Қазақстан мұнайының шамамен 80%-ы Новороссийск портына жеткізіледі. Сондықтан бұл жобаларды тоқтату жаһандық нарыққа әсер етуі мүмкін еді.
«Лукойл» Қазақстанда бірнеше жобада үлеске ие. Компания КҚК-ның қатысушысы және 2023 жылы «ҚазМұнайГаздан» Каламқас-теңіз бен Хазар кен орындарының 50% үлесін $200 млн-ға сатып алған.
Бұған дейін, 2015–2020 жылдары, «Лукойл» Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы кейбір активтерін сатқан болатын.
15 қазан күні Ұлыбритания жаңа санкциялар тізімін жариялады. Оған «Роснефть», «Лукойл», сондай-ақ Nayara Energy Limited және Alghaf Marine DMCC сияқты компаниялар кірді. Бұдан бөлек, Ресейге тиесілі 44 танкерге де шектеу қойылды.