ForteBank пен Home Credit Bank бірігу процесі тағы да кейінге қалдырылды

ForteBank акционерлерінің Home Credit Bank-пен бірігу мәселесін талқылайтын жиыны 2026 жылдың ақпанына шегерілді. Бұл туралы банк Astana International Exchange (AIX) алаңында хабарлады. Алғашында жиналыс 2025 жылдың 29 қазанына жоспарланған болатын, енді 2026 жылдың 26 ақпанында өтеді.
Қазірге дейін ForteBank Home Credit Bank акцияларының тек 26,8%-ын ғана сатып алған. Сарапшылардың пікірінше, мәміле бірнеше кезең бойынша жүзеге асып жатқандықтан, бірігу процесі созылып отыр.
ForteBank акционерлерінің 26 ақпанға белгіленген жиналысында ForteBank-ті Home Credit Bank-ті қосу арқылы қайта ұйымдастыру және Home Credit Bank-ті ForteBank-ке қосу туралы шарт жобасын бекіту мәселесі қаралады.
Home Credit Bank Чехияның ең бай әйелі Рената Келлнерова мен оның басқарушы серіктесі Иржи Шмейцке тиесілі болған. Келлнерова — 2021 жылы әуе апатынан қаза тапқан PPF тобының бұрынғы иесі Петр Келлнердің жесірі. Forbes мәліметінше, оның байлығы 19 млрд долларды құрап, әлемдік рейтингте 104-орында тұр.
2025 жылдың сәуірінде Telegram-арналарда банкті Болат Өтемұратов сатып алатыны туралы ақпарат тараған. Маусым айында бұл мәлімет ресми түрде расталды.
Қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Болат Өтемұратов пен оның құрылымдарына Home Credit Bank-ті сатып алуға рұқсат берді. 18 қыркүйектегі депозитарий деректеріне сәйкес, ForteBank банк акцияларының 26,8%-ына иелік етті.