Жаңалықтар

Мажарлық OTP Bank Қазақстандағы банкті сатып алуды қарастырып жатыр

Қазақстан банк секторына мажар инвесторы келуі мүмкін / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серікжан Ковланбаев

Мажарстанның ірі қаржы институттарының бірі – OTP Bank Қазақстандағы банкті сатып алу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Сонымен қатар банк Орталық және Шығыс Еуропадағы бірқатар әлеуетті қаржы ұйымдарын зерттейді. Бұл туралы ұйым «Курсив» басылымының ресми сұрауына берген жауабында хабарлады.

Банк өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта OTP Bank банк сатып алу мүмкіндіктерін белсенді түрде зерттеп жатыр.

Алайда қаржы ұйымы нақты қанша банкті сатып алуды жоспарлап отырғанын немесе Қазақстанда қай банкті сатып алуы мүмкін екенін нақтыламады. Банк бұл мәселе бойынша пікір білдіруден бас тартқан.

OTP Bank өз стратегиясының негізгі бағыты ретінде акционерлік құндылықты арттыруды, яғни операциялық қызметтің оңтайлы ауқымына қол жеткізу және өңірлік нарықтардағы тәжірибесін тиімді пайдалануды атап өтті.

Қазақстанның банк нарығында Шығыс Еуропадан жаңа ойыншының пайда болуы мүмкін екені туралы алғаш рет 2025 жылғы қыркүйек айының ортасында айтылған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Курсивке» берген сұхбатында хабарлаған. Оның айтуынша, әңгіме ірі қазақстандық банктердің бірін сатып алу мүмкіндігі туралы болған.

Бір ай өткен соң, қазан айының басында, жаңа ойыншының кім екені белгілі болды. Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Абзал Сапарбекұлы «Қазинформ» агенттігіне берген сұхбатында OTP Bank екенін растады.

OTP Bank – Мажарстанның OTP Group қаржы тобының құрамына кіреді. Бұл топ Еуропаның бірнеше елінде жұмыс істейді. Мажарстаннан бөлек, оның Болгария, Словения, Хорватия, Сербия, Украина, Черногория, Албания, Молдова, Ресей және Румынияда еншілес ұйымдары бар.

Айта кетерлігі, Орталық Азия нарығы OTP Group үшін бұрыннан таныс. 2023 жылдың жазынан бастап топ Өзбекстандағы «Ипотека-банкке» иелік етіп келеді.