Мұнай бағасы 55 долларға дейін арзандауы мүмкін

2026 жылдың І жартыжылдығында әлемдік нарықта мұнай бағасы 55 долларға дейін арзандауы мүмкін. Оған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі мен ОПЕК+ елдерінің өндірісті арттыруы әсер етеді.
Bank of America (BofA) 15 қазан күні жариялаған болжамында, егер АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленістері күшейіп, ОПЕК+ ұйымдары мұнай өндірісін арттырса, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 50 доллардан төмен түсуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Банк 2025 жылдың төртінші тоқсанына Brent бағасын 61 доллар, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына 64 деңгейінде болжай отырып, бағаның ең төменгі шегі шамамен 55 доллар болатынын атап өтті. Қазір Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне 62,47 АҚШ долларын құрайды.
Қаржы ұйымы 2026 жылы АҚШ-тағы мұнай өндірісі бір деңгейде қалуы мүмкін, ал ел сауда келісімдерін ілгерілетсе, сұраныс аздап артуы ықтимал деп есептейді.
Бұған дейін ОПЕК жариялаған есебінде, келер жылы әлемдік мұнай ұсынысы мен сұранысы теңеседі деп болжанған. Ұйымның есебі бойынша, ОПЕК+ өндірісті ұлғайтқан жағдайда нарықта бұрын күтілген тапшылық болмайды.
Сондай-ақ Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) сейсенбі күні ОПЕК+ елдерінің өндірісті көбейту туралы шешімінен кейін мұнай ұсынысы өседі, ал экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты сұраныс өсімі баяулайды деп хабарлады.
Сауда қатынастары тұрғысынан алғанда, АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен кейбір сауда байланыстарын, соның ішінде майға қатысты келісімдерді тоқтату мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Сонымен қатар екі ел 14 қазаннан бастап бір-біріне қарсы порттық алымдар енгізе бастады.
Қазақстанның жағдайы қандай?
Қазақстанның ОПЕК+ алдындағы өтелмеген міндеттемесі көбейіп баралы. Ұйым хатшылығы ұсынған жаңа кестеге сәйкес, Қазақстанның қосымша қысқартуы тиіс мұнай көлемі 2,917 млн баррельге жетті. Бұған дейінгі жоспар 2,63 млн баррель болған.
Жаңа кестеге сәйкес, Қазақстанның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мұнай өндірісін біраз шектеуіне тура келеді.
3 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев ОПЕК бас хатшысы Хайтам әл-Гаисты қабылдап, Қазақстан ОПЕК+ шешімін қолдайтынын мәлімдеді.