Нұрлан Нығматулиннің ұлына қатысты тергеу тапсырмасына жауап келмеген

Мәжілістің экс спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы – Нұржан Нұрлановтың статусы әлі анықталған жоқ. Өйткені бір ай бұрын жіберілген халықаралық тергеу тапсырмасына әлі жауап келмеген. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.
«Жауап әлі келген жоқ. Ол куәгер ретінде өтіп жатыр. Одан басқа әзірге өзгеріс жоқ», – деді Елемесов.
Агенттік жауапты Түркия елінен күтіп отыр.
2025 жылдың сәуірінде Ішкі істер министрлігі рейдерлік жасағаны үшін Нығматулиннің ұлының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Істің қозғалуына кәсіпкер Қанат Әміркиннің арызы себеп болған. Бизнесмен шенеуніктің ұлы «Алатаудорстрой» компаниясын тартып алып, қоқан-лоққы көрсетіп, қомақты ақша талап еткенін мәлімдеген.
Алайда мамыр айында Жеңіс Елемесов «ешкімге күдік тағылмағанын», кейбір мән-жайларды әлі де анықтай түсу қажет екенін айтты.
Одан дейін Нұржан Нұрлановқа қатысты қылмыстық іс уақытша тоқтатылып, халықаралық тергеу тапсырмасы жолданғаны хабарланған.
Нұржан Нұрланов «Қанды Қаңтарға» дейін 2019-2022 жылдар аралығында «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-ның директоры қызметін атқарған. Ол 2018 жылдың қаңтарынан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма мүшесі болды.