Қыста көлікті қыздыру қаншалықты маңызды, айыппұл арқаламау үшін не істеу керек?

Қыстың қақаған аязында далаға шығып, көлік қыздыру оңай емес. Мұндайда көптеген жүргізушілер: көлікті міндетті түрде қыздыру керек пе, әлде бірден айдап кетуге бола ма деп сұрап жатады. Бұл тақырып талай жылдан бері талқыланып келеді. Біреулер үшін көлікті қыздыру – қозғалтқыштың ұзақ қызмет етуінің кепілі, ал басқалар үшін – босқа жағылған жанармай мен экологияға зиян келтіру.
Көлікті қыздырмай тізгіндеу қозғалтқышқа қалай әсер етеді
Аязды күндері қозғалтқыш майы қоюланып, бөлшектер арасында айналымы баяулайды. Егер көлік бірден қозғалысқа түссе, май барлық арна арқылы айналып үлгермейді, нәтижесінде бөлшектер металмен үйкеліп, тозу жылдамдайды. Бұл, әсіресе, ескі және көп тізгінделген көліктерге қатысты.
Бұл заманауи қозғалтқыштарға қатысты ма?
Қазіргі автокөліктердің конструкциясы мен майлау жүйелері едәуір жетілдірілген. Сондықтан ұзақ қыздырудың қажеті жоқ. Consumer Reports ұйымының бас механигі Джон Ибботсон осы ақпаратты растап отыр. Оның айтуынша, қазіргі көліктерге ескі автоларға қарағанда 1-2 минут жеткілікті.
«Қатты суық күні жолға шығар алдында қозғалтқышты бір минуттай қыздыру – орынды шешім. Бірақ оны одан ұзақ уақыт бойы босқа қыздырудың қажеті жоқ, тек салонды жылытып, әйнектің булануын тоқтатса ғана болғаны. Көлік терезесінің булануы басылған соң-ақ жолға шығуға болады», – дейді сарапшы.
Дегенмен маман бір маңызды жайтты ескертеді: ұзақ қыздырудың да айтарлықтай кемшілігі бар – ол жанармай шығынын арттырады және зиянды газдар шығарындыларын көбейтеді. Сондықтан «көлікті жылы ұстаймын» деп экологияға да, өз қалтаңызға да зиян тигізіп алмаңыз.
Автомат пен механика: айырмашылық бар ма?
Автоматты беріліс қорабы орнатылған көліктерде май айналымы мен қысымның тұрақтануы маңызды. Сондықтан мұндай көліктерге 2-3 минут қыздыру жеткілікті. Ал механикалық қорапта бұл процесс жылдамырақ, бірақ аязда сақ болу артық етпейді.
Мына температурада міндетті түрде қыздыру керек:
- -10 °C жоғары – аз ғана уақыт қыздыру жеткілікті;
- -10 °C пен -25 °C аралығында – 2-5 минут қыздырған дұрыс;
- -25 °C төмен – қозғалтқыш пен май толық жылығанша күткен жөн (әсіресе дизель болса).
Қозғалтқышты дұрыс қыздыру жолы және айыппұл арқаламау тәсілі
Кей жүргізушілер көлікті ертерек оталдырып, көлікті ұзақ уақыт бойы осы күйде қалдырады, осылайша кабина толық жылығанша күтеді. Бірақ Қазақстан заңнамасында мұндай әрекет үшін айыппұл қарастырылған.
Егер көлік тұрғын үй аумағында немесе тұрғындарға қолайсыздық туғызатын жерде 5 минуттан артық оталдырылған күйде тұрса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық болып саналады.
Айыппұл мөлшері:
- Бірінші рет – 5 АЕК (19 660 теңге)
- Қайталанса – 10 АЕК (39 320 теңге)
Заң бұзушылықты тіркеу үшін кемінде 5 минуттық бейнежазба жеткілікті, онда көліктің нөмірі, уақыты мен күні анық көрінуі керек.
Көлікті ұзақ қыздыру – қалтаға салмақ
Көлікті ұзақ уақыт орнында қыздыру жанармайдың артық жұмсалуына және қозғалтқыштың артық жұмыс істеп, қоршаған ортаға зияды қалдықтар бөлуіне себеп болады. Уақыт өте келе бұл бөлшектердің тозуын тездетіп, қозғалтқыштың жұмыс тиімділігін төмендетеді. Нәтижесінде жүргізуші әрі отынға, әрі жөндеуге артық шығын шығарады.
Қыста көлікті қыздырмай айдау – қозғалтқышқа салмақ түсіретін фактор, ал ұзақ уақыт қыздыру – экологияға және қалтаңызға зиян. Ең тиімді тәсіл – қозғалтқышты аз ғана (1-2 минут) қыздырып, көлікті баяу жүргізе отырып толық жылыту. Бұл әрі қозғалтқышты қорғайды, әрі артық шығын мен заң бұзушылықтың алдын алады. Айта кетейік, Қазақстанның Жол жүру ережелеріне сүйенсек, елдімекендерде көлікті 5 минуттан артық қыздыру тұрғындарға қолайсыздық туғызса, оған айыппұл көзделген.