Банк пен қаржы

Қарыз жүктемесі: Қазақстан екі жылда 101 млрд доллар борышты өтеу керек

Қазақстанның сыртқы борышы қанша/Фото: shutterstock

Қазақстанның мемлекеттік сыртқы борышы соңғы жылдары айтарлықтай өсті және бұл елдің экономикалық дамуына жаңа қысымдарды тудырып отыр. Осы мәселеге назар аударсақ, қарызды өтеу мерзімдері, оған қызмет көрсету және борыштың жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатынасы сияқты факторлар еліміздің қаржылық жүйесіне қандай әсер ететіні жөнінде бірнеше маңызды қорытындылар жасауға болады.

Қазақстанның сыртқы борышы: өсіп келе жатқан қаржы жүктемесі

Қазіргі уақытта Қазақстанның мемлекеттік борышы жалпы 63,3 млрд доллар деңгейінде тұр. Қарыздың үлкен бөлігін үкіметтің сыртқы қарызы, яғни 60,7 млрд долларды құрайды. Сонымен қатар мемлекет кепілдік берген қарыздар 15,9 млрд доллар. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның экономикалық дамуына қандай әсер ететініне тоқталатын болсақ, сыртқы борыштың өсуі мемлекеттің сыртқы қаржы нарықтарына тәуелділігін арттырады.

ИНФОГРАФИКА 01: Мемлекеттік борыш / Нұрсұлтан Ерболатұлы

Сыртқы борыштың бұл деңгейі бірнеше ықтимал тәуекелдермен байланысты. Біріншіден, сыртқы қарыздардың өсуі мемлекеттік бюджеттің жүктемесін арттырады. Себебі борышты өтеу және қызмет көрсету үшін төленетін қаражаттың көлемі ұлғаяды. Осылайша, Қазақстан бюджетіндегі қаражаттың бір бөлігі елдің экономикалық дамуына емес, қарыздарды өтеуге жұмсалуы мүмкін. Бұл елдің қаржылық жүйесінің тиімділігін төмендетеді.

Сыртқы борыштың құрамы мен қаржылық институттардың рөлі

Қазақстанның сыртқы борышының құрамында бірнеше маңызды факторлар бар. Біріншіден, борыштың көп бөлігі ұзақ мерзімді қазыналық міндеттемелерден құралған. Бұл қаржы институттарынан алынған қарыздар мен әлемдік қаржы нарықтарында шығатын облигациялар арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, сыртқы борыштың бір бөлігі халықаралық қаржы институттары мен банк несиелерінен тұрады. Мысалы, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және Еуропалық инвестициялық банк сияқты ұйымдар Қазақстанның сыртқы қарызын ұсынған негізгі қаржы көздері болып отыр.

Бұл қарыздардың құрылымы мен қызмет көрсету мерзімі мемлекеттің қаржылық тұрақтылығына әсер етеді. Егер Қазақстан осы қаржы институттарынан қарыз алуды жалғастыра берсе, қарыздың ұзақ мерзімді болуы елдің экономикасына қысым түсіріп, сыртқы факторларға тәуелділікті арттырады.

ИНФОГРАФИКА 02: Қарызды өтеу мерізімі / Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қарызды өтеу  мерзімі

Ұлттық банктің мәліметінше Қазақстанның сыртқы қарызына қызмет көрсету үшін төленетін сома 2025 жылы 27,7 млрд доллар болады деп болжанып отыр. Осы жылдың ішінде ІІІ тоқсанда 15,025 млн, ал IV тоқсанда 12,689 млн доллар төлеу жоспарланған. Бұл көлемдегі төлемдер, әрине, экономикалық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Бұл долларға сұранысты арттырып, теңгені құнсыздандыруға  алып келуі ықтимал.

Мәселен, осы төлемдер мемлекеттік бюджетте басқа маңызды бағыттар үшін бөлінетін қаражаттың мөлшерін шектей алады. Ал бұл болса, елдің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік салаларды қолдау және басқа да маңызды шығындар үшін қажетті қаражаттың жетіспеуіне себеп болуы мүмкін.

Сыртқы борыштың ЖІӨ-ге қатынасы

Қарызды өтеу мерзімдері мен қарыздың жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатынасы – Қазақстан экономикасындағы негізгі индикаторлар болады. 2025 жылы Қазақстанның сыртқы борышы ЖІӨ-нің 21,1%-ын құрайды. Бұл көрсеткіштің жоғары болуы мемлекет үшін белгілі бір қауіп-қатерлер тудыруы мүмкін. Мысалы, егер сыртқы борыштың көлемі өсіп, ЖІӨ-ге қатынасы жоғары деңгейде сақталса, бұл Қазақстанды халықаралық нарықтардан қарыз алу кезінде қосымша қымбаттшылыққа, яғни пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуына әкеп соқтыруы мүмкін.

Мұндай жағдайда мемлекет үшін қарыз алу барған сайын қиынға соғады. Себебі, инвесторлар борыштық тәуекелділік деңгейі жоғары елдерге қарыз беру кезінде жоғары пайыздық мөлшерлеме талап етеді. Бұл қарыздың қызмет көрсету құнын арттырады және мемлекеттің бюджетіне қосымша жүктеме салады. Сондай-ақ қарызды өтеудің мерзімі мен жалпы сомасының ұлғаюы экономикадағы қаржы тапшылығын тудыруы мүмкін.

Қазақстанның сыртқы борышының ЖІӨ-ге қатынасы басқа елдермен салыстырғанда қалай екенін қарастырайық. Мысалы, Ресейде бұл көрсеткіш 16,9% құрайды, ал Өзбекстанда ол 35%-ға жетеді. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның сыртқы борышы әлемдік нарықта орташа деңгейде екендігін көрсетеді. Алайда Қазақстан үшін сыртқы борыштың көлемі мен оны өтеу мерзімінің жоғары болуы елдің қаржылық тұрақтылығына қатер тудыруы мүмкін.

 ИНФОГРАФИКА 03: Сырқы борыштың ЖІӨ-ге үлесі

Қазақстанның сыртқы борышының болашақтағы мүмкін қорытындылары

Қазақстанның сыртқы борышы экономикалық тұрақтылыққа бірқатар тәуекелдер туғызып отыр. Алдымен, қарызға қызмет көрсету үшін төленетін сома жоғарылайды, бұл бюджеттің тиімділігін төмендетуі мүмкін. Сондай-ақ борыштың ЖІӨ-ге қатынасының өсуі мемлекет үшін қосымша қаржы тәуекелдеріне алып келуі мүмкін. Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы қарызының құрылымын қайта қарау және борыштық жүктемені басқару үшін жаңа стратегиялар енгізу қажет. Бұл борыштың ұзақ мерзімді бөлігіне назар аударып, қарызды тиімді басқару саясатын жүзеге асыру арқылы мүмкін болады.

Қазақстан үкіметі борышты басқару стратегиясын қайта қарап, ішкі қарыздарды ұлғайту немесе сыртқы қарыздарды төмендету үшін түрлі шаралар қолдануы керек. Сонымен қатар қаржы нарығындағы жағдайды бақылап, мемлекетке қарыздарды өтеу мерзімдерін ұзартуға мүмкіндік беретін халықаралық қаржы институттарымен жаңа келісімдер жасау қажет. Егер мемлекет борыштық жүктемені тиімді басқаруға қол жеткізсе, Қазақстанның экономикасы ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізе алады.

Қорытынды

Қазақстанның сыртқы борышы қазіргі уақытта экономикалық тұрғыдан да, қаржылық тұрғыдан да маңызды мәселеге айналып отыр. Қарызға қызмет көрсету және борыштың ЖІӨ-ге қатынасы елдің қаржылық тұрақтылығына әсер етеді. Сондықтан үкімет қарызды басқару бойынша тиімді шараларды қабылдауы керек. Қарызды басқарудың дұрыс стратегиясын жүзеге асыру арқылы Қазақстан өзінің қаржылық тәуелділігін азайтып, экономикалық дамуын қамтамасыз ете алады.