Сенатор заңдардың қазақ тілінде жазылмауын мемлекеттің кемшілігі деп атады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Заңдар қашан қазақ тілінде жазылады / Фото: kursiv.media архиві

Сенат депутаты Жақып Асанов мемлекеттік тілдегі заңдардың тілі өте күрделі, түсініксіз екенін, Әлеуметтік Кодекс қайтадан қазақ тілінде жазылатынын тілшілерге берген жауабында айтты.

Парламент жиынынан кейін тілшілер Жақып Асановқа «Неге заңдар қазақ тілінде жазылмайды?» деген сауал тастады. Депутат өз сөзінде мемлекеттік тілдегі заң мәтіндерінің сапасына сын айтты.

«Иә, проблема бар. Бұл – үлкен мәселе. Біз Нәрікбаев университетімен бірлесіп зерттеу жүргіздік. Ең маңыздысы – заңның қай тілде жазылатыны және кейін қалай аударылатыны. Бізде мәселе тек тілде емес, заңдардың өз тілі тым күрделі. Әсіресе, экономикалық және фискалдық ұғымдар түсініксіз жазылады», – деді сенатор.

Асановтың айтуынша, бұл мәселе өткен сессияның соңында Парламенттік тыңдауда арнайы талқыланған. Сондай-ақ ол мемлекеттік аппараттағы заңнамалық жұмыстың әлсіз тұстарын да ашық мойындады.

«Нәрікбаев университетінің ғалымдары заң мәтіндерін қарапайым әрі түсінікті етіп жазудың әдістемесін әзірледі. Сол әдістеме негізінде университет, Сенат және Әділет министрлігі әлеуметтік кодексті қазақ тілінде қайтадан жазып шықпақ. Егер жыл соңына дейін үлгерсек, салыстырып көреміз. Негізі бұл мемлекеттік аппараттың үлкен кемшілігі екеніне келісемін. Қателіктер де табылып жатады. Қазақша және орысша кейде екі түрлі болып шығады. Сондықтан ондай проблема бар», – деді ол.

Мұның алдында сенатор Жақып Асанов бірге істеген судья Таткееваның қылмысы жайлы білмейтінін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз