ТЖМ жүздеген миллион теңгеге бұқтырылған сиыр етін сатып жатыр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Аукцион сайтында бұқтырылған сиыр еті сатылымда / Фото: бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мемлекеттік аукцион сайтында мемлекет меншігіндегі түрлі нысандар, көліктер мен әртүрлі заттар сатылады. Аукционда 5 мың теңгелік қарапайым заттардан бастап миллиардтаған сомаға ірі базарлар, нысандар да саудаға шығады. Осы жолы Төтенше жағдайлар министрлігі жүздеген миллион теңгеге бұқтырылған сиыр етін сатылымға шығарды.

Төтенше жағдай министрлігінің бұқтырылған сиыр етін саудаға шығаратыны жайлы бір емес, бес лот жарияланған. Бес лоттың жалпы құны 450 млн теңгеден асады.

Скринфото: аукцион сайты

«Zhekei» маркалы жоғары сортты бұқтырылған сиыр етінің бір консервісі 325 грамм тартады. «Адал Ас Алматы» компаниясы шығарған өнім 2023 жылдың қыркүйегінде өндірілген. Егер бұл өнімдер 2026 жылдың қыркүйегіне дейін сатылмаса, жарамдылық мерзімі өтіп кетеді.

Қазір бұл өнімдер Қостанайдағы «Резерв» комитетінің «Целина» мемлекеттік кәсіпорыны филиалында сақтаулы. Бұл кәсіпорын аукцион хабарламасында «Қазақстан Республикасының қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік материалдық резервтік комитетіне» қарайтыны жазылған. Бірақ бір қызығы, мұндай министрлік Үкімет құрамында жоқ. Аукционды жариялаған жауапты қызметкерлердің қатесі болса керек. Аталған комитет ҚР ТЖМ-ге қарайды.

Жалпы құны 450 млн теңгеден асатын өнімдер беске бөлініп аукционға қойылған. Ең қымбат аукционда 146 млн теңгенің консервілері тұр. Әйтсе де, 44370 консерві (бір қорапта 45 данадан) дәл сол сомаға өте қояды дегенді білдірмейді. Аукционда бұл консервілердің ең төменгі бағасы 25,8 млн теңге деп көрсетілген. Саудаға қатысу үшін кемі 5-7 млн теңге кепілдік жарна төлеу керек.

Скринфото: аукцион сайты

Консервілер сатылатын аукцион осы айдың 28-де өтеді.

ТЖМ түсіндірмесі

Kursiv.media тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, осы аукцион жөнінде ресми түсініктеме сұраған. Министрдің баспасөз қызметі төтенше жағдайлар немесе соғыс, қақтығыс туындаған жағдайлар үшін қоймаларда осындай азық-түлік түрлері сақталатынын, қазір сол өнімдер жаңарғалы жатқанын хабарлады. Осы бұқтырылған сиыр еті сатылған соң сол сомаға жаңасы сатып алынып, «Резерв» комитетінің қоймаларына жеткізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз