Депутаттың компаниясы жүздеген миллионға тендер жеңіп алған

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Депутаттың компаниясы жүздеген миллионға тендер жеңіп алған / Фото: Мәжіліс

Жамбыл облысының әкімдігі өткізген 287 млн теңгеге мемлекеттік сатып алуды мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәліге тиесілі BESupply компаниясы жеңіп алған, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Тендерді өңірдің білім басқармасы өткізген. «Мекеме» ақпараттық жүйесін сүйемелдеу және техникалық қолдауға қатысты конкурс болған. Келісімшарт 2025 жылдың соңына дейін жасалған.

Алайда мемлекеттік сатып алуға қатысты бірнеше қызықты дерек бар. Алғашқысы жеңімпаз компанияның су жаңа мәжіліс депутатына тиесілі болуы. Тағы бір қызықты дерек конкурстың өткізілген уақыты, яғни құжаттарды 16 қыркүйекке қараған түні – сағат 00:06-дан 9:06-ға дейін тапсыру мүмкін болған.

Nege.kz telegram-арнасының ақпаратына сүйенсек, «Электрондық қаржы орталығы» байқау бастапқыда 4 қыркүйекте басталғанын хабарлаған. Алайда камералдық бақылау қателіктерді анықтап, оларды түзетуді талап еткен. Түзетулер енгізілгеннен кейін жүйе 9-16 қыркүйек аралығында өтінімдерді қабылдауды автоматты түрде ашуы керек болған.

Мемлекеттік аудит түзетулерді тек 16 қыркүйекке қараған түні растағандықтан, процесс кешіктірілген. Сондықтан өтінімдер түн ортасынан таңертеңге дейін қабылдаған, яғни тоғыз сағат ішінде.

Сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімдігі конкурсқа қатысушылар арасындағы сөз байласу белгілерін тексеріп, анықтай алмағанын мәлімдеді.

Әбутәліп Мүтәлі 15 қазанда Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына сайланды. Ол Оқу-ағарту министрі болған Жұлдыз Сүлейменованың орнына келген.

Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, BESupply компаниясы 2025 жылдың өзінде жүздеген миллион теңгеге 10 тендерді жеңіп алған. Алайда депутат болғаннан кейін Мүтәлі бизнеспен айналыса алмайды. Заң бойынша ол өз компаниясын сенімгерлік басқаруға беруі керек.

Сондай-ақ оқыңыз