Үкімет жеңілдетілген ипотека көлемін екі есеге арттырады

Банктердің ипотекалық несиелеудегі белсенділігінің төмендеуіне байланысты Үкімет жеңілдетілген ипотека көлемін екі есеге – 500 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Үкімет ақпаратына сүйенсек, шара тұрғын үйді азаматтар үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Шешім Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қабылданған. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және экономикалық реформалардың теріс салдарын жеңілдетуі тиіс.
Қаржыландыру «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ, «Әскери баспана» бағдарламасы қайта басталады. Соның арқасында жыл сайын 7 мыңға жуық әскери қызметкердің отбасы қайталама нарықтан пәтер сатып ала алады.
Бұдан бөлек, осы бағдарлама аясында құрылыс компанияларымен үш жылға бағаны белгілеу міндеттемесімен тұрғын үй салуға офтейк-келісімшарттар жасалатыны атап өтілді.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстандағы ірі банктер ипотека туралы өтінім қабылдауды шектегенін жазғанбыз. Шектеу шарасын тек Freedom Bank пен Отбасы банк қана қолданған жоқ.