
Футболдағы жемқорлық тақырыбын қозғаған Sälem Entertainment компаниясының жаңа жобасы Offside сериалы YouTube-та жарияланғаннан кейін, көп ұзамай өшіріліп тасталды.
Фильм кеше, 15 қазан күні «ПаЦанские Истории» YouTube арнасында жарық көрген еді. Алайда келесі күні, 16 қазанда, видео платформада қолжетімсіз болып қалды.
Одан бөлек, фильмнің продюсері әрі басты рөлдердің бірін сомдаған Рүстем Омаровтың Instagram парақшасы да бұғатталып қалғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта Sälem Entertainment командасы арналардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Offsidе жобасының әрі қарай көрсетілімін жалғастыру үшін барлық шараларды жасап жатыр.
«Біз «Offside» жобасын көрермендерге қайта ұсынамыз. Қазір техникалық мәселелерді шешу және арналарды қорғау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Барлық қолдау білдірген көрермендерге алғыс айтамыз», делінген студия мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Offside фильмі қазақстандық футбол саласындағы сыбайлас жемқорлық, әділ төрелік тақырыптарын көтеретін туынды ретінде қызығушылық тудырған еді.