Қазақстан шекарада тұрған тасымалдаушыларға қатысты Ресейге нота жіберді

Қазақстан шекарада тұрып қалған тасымалдаушыларға қатысты Ресейге нота жіберді.
Еуразиялық экономикалық комиссия жанынан халықаралық тасымалдар мәселесіне байланысты жедел штаб құрылды. Қазақстан тарапы мәселені шешу үшін бірқатар дипломатиялық және ведомствоаралық қадамдар жасап жатыр.
Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне ноталар жолдап, тиісті органдармен бірлесіп шешім әзірлеуді ұсынған. Бұл мәселе қазір екіжақты және көпжақты форматтағы кездесулердің күн тәртібінде тұр, соның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде де қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар министрлік қазақстандық тасымалдаушыларға Ресей заңнамасының қолданыстағы нормаларын, соның ішінде ел аумағында болу мерзімін қатаң ескеруді және бағыттарын ықтимал тәуекелдерді ескере отырып жоспарлауды ұсынды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, ресейлік тарап қазіргі таңда Қазақстан азаматтарына қатысты енгізілген шектеулерді қайта қарау мүмкіндігін қарастыруда.
«Тиісті шешім қабылданғанға дейін тасымалдаушыларға жүргізушілерінің Ресей аумағында болу мерзімдерін алдын ала тексеріп, заңбұзушылықтар мен оның салдарынан сақ болуға кеңес беріледі», – делінген мемлекеттік орган хабарламасында.
Бұған дейін жүргізілген талдау нәтижесінде, ресейлік нормалардың кейбірі екіжақты және халықаралық келісімдерге қайшы келетіні анықталған болатын.