«Торт дауы сотқа дейін апаратындай мәселе емес» – сенатор Жақып Асанов

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов блогер Аселина мен кондитер Нұршат Ақбергенова арасындағы дау жөнінде пікір білдірді.
Сенатордың айтуынша, бұл жағдай сот арқылы шешуді қажет етпейтін мәселе.
«АҚШ-та мұндай дауларды арнайы институттар мен татуластыру орталықтары шешеді. Бізге де сондай татуластыру орталықтары керек. Себебі сот – ұзақ әрі қымбат процесс. Азаматтық сипаттағы осындай мәселелерді жылдам әрі ыңғайлы жолмен шешу маңызды», – деді Жақып Қажманұлы.
Еске сала кетейік, Астанада құрақшы-блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Ақбергенова арасындағы дау бойынша азаматтық іс қаралып жатыр. Талапкер моральдық шығын ретінде 3 млн теңге және торттың қалған сомасы 500 мың теңгені өндіріп алуды көздеп отыр.