Қазақстандық жас шахматшылар әлем чемпионатында екі алтын және бір күміс жеңіп алды

Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Албанияның Дуррес қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында (FIDE World Youth Chess Championships 2025) тамаша нәтиже көрсетті. Отандастарымыз Марк Смирнов пен Эдгар Мамедов алтын, ал Сауат Нұрғалиев күміс медаль иеленді. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.
Жарыс 4–15 қазан аралығында өтіп, 84 елден 711 шахматшы қатысты. Турнир швейцариялық жүйе бойынша 11 турдан тұрды. Қазақстан атынан 14, 16 және 18 жасқа дейінгі санаттарда 44 спортшы өнер көрсетті.
13 жастағы алматылық Марк Смирнов 11 партиядан 9,5 ұпай жинап, 14 жасқа дейінгі бозбалалар (O14) арасында әлем чемпионы атанды. Соңғы турда ол Польша өкілі Петр Бжезинді сенімді жеңіп, Қытай спортшысын басып озды. Бұл Марктың әлемдік деңгейдегі екінші алтын жүлдесі. 2022 жылы күміс, 2023 жылы алтын алған болатын.
16 жасқа дейінгі бозбалалар (O16) санатында Эдгар Мамедов пен Сауат Нұрғалиев те жоғары нәтиже көрсетті. Екеуі де 8 ұпай жинады, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша Эдгар алтын, Сауат күміс медальға ие болды. Соңғы турда Сауат үндістандық қарсыласымен 123 жүріс жасап, ойынды тең аяқтады.
Басқа санаттарда да қазақстандық шахматшылар жақсы нәтиже көрсетті. 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Мария Холявко – 8-ші, Ханзада Аманжол – 14-ші, Ақнұр Мамақова – 17-ші орын алды. 16 жасқа дейінгілер арасында Зарина Нұрғалиева – 8-ші, Елназ Қалиахмет – 15-ші нәтиже көрсетті.
18 жасқа дейінгі бозбалалар арасында Алдияр Аңсат 8-ші, Даниял Сәпенов 19-шы орынға ие болды.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жас спортшылардың жетістігіне жоғары баға берді:
«Қазір қалыптасып келе жатқан жас шахматшылар буыны ертеңгі күні әлемдік деңгейде Қазақстанның атын шығаратынына сенімдімін. Бұл жеңістер жаттықтырушылардың, ата-аналардың және бүкіл команданың еңбегінің жемісі», – деді Турлов.
Федерация президенті сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған Шахматты дамытудың кешенді жоспарының нәтижесінде бұл салада жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қазіргі таңда Қазақстан шахмат федерациясы жастарға арналған 45 гранттық бағдарлама арқылы дарынды спортшыларды қолдап келеді. Бұл гранттар жас шахматшыларға халықаралық турнирлерге қатысып, үздік жаттықтырушылардан тәжірибе алуға мүмкіндік береді.