Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей экономикалық қылмыстармен күресу үшін жаңа орталық құрады

заңсыз шығарылған активтер
Фото: ашық дереккөздер

Бүгін Сенатта Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халықаралық орталықты құру туралы келісімді ратификацияланды. Бұл дегеніміз Қазақстан Ресеймен және ТМД-дағы басқа елдермен бірге халықаралық орталық құруға келісті.

«Қаралған келісім ТМД елдер шеңберінде қылмыстық жолмен алған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жетілдіру үшін әзірленді. Осы мақсатпен арнайы халықаралық орталық құру көзделген. Бұл орталық осы бағыттағы қауіп-қатерлерді бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржылық бағдарлау бөлімшелері арасында қорғалған ақпараттық жүйе арқылы алмасуға жол ашады», – деп түсіндірді келісімнің мән-жайын Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Бұл не орталық?

Халықаралық орталық құру туралы идея 2023 жылы көтерілген. Сол жылы қазанда ТМД басшылары Бішкекте орталық құру туралы келісімге қол қойды.

Жаңа ұйым ақпараттық жүйе форматында жұмыс істейді. Яғни ТМД елдері заңсыз қаражат ағыны, салықтық қылмыстар, сыбайлас жемқорлық бойынша өзара мәлімет алмасып отырады.

Сол деректер негізінде ұлттық және халықаралық деңгейде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландырумен байланысты тәуекелдерді бағалайды. Онымен күресу үшін халықаралық стандарттар мен ұсынымдар әзірлейді.

«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің ақпараты бойынша, орталықтың талдау жүргізуге арналған тиісті технологиялық платформасы қазірдің өзінде жоба ретінде іске қосылып, өз жұмысының тиімділігін іс жүзінде көрсетіп тұр», – деді ақпараттық жүйе туралы ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов.

Орталықтың операторы неге Ресей?

Орталық құру туралы заң жобасы бұған дейін Мәжілісте талқыланған. Депутаттар  орталықтың операторы ретінде неге Ресейдің Қаржы мониторингі жөніндегі федералды қызметі белгіленгенін сұрады. Қаржылық мониторинг агенттігі  түсіндіруінше, техникалық мүмкіндіктеріне байланысты құзырет Мәскеуге берілген.

Орталық қызметін де Ресей қаржыландыратынын айтты, Қазақстан бюджеті үшін шығын болмайды.

Қаралып отырған келісімді Армения, Беларус, Қырғыстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері өз парламенттері арқылы ратификациялады.