Жаңалықтар

Қызметкерлерін балағаттап танылған Асан Үмбетов басшы болды

Асан Умбетов, заместитель гендиректора ТОО «КТЖ-Грузовые перевозки»
Асан Үмбетов / фото: ашық дереккөзден

Қызметкерлеріне дөрекі сөйлеген видеосымен танылған Асан Үмбетов «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ның директоры атанды, бұған дейін директор орынбасары қызметінде болған еді. Бұл туралы журналистер сауалына ҚТЖ баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жылы шілдеде Үмбетовтің қол астындағы қызметкерлерімен Zoom-дағы жиналыстағы видеосының үзіндісі тарап кеткен. Ол рельстен шыққан вагонды бір жарым сағат сүйреген жұмысшыларға ұрсып, арасында бейәдеп сөздерді қолданып, балағаттайды. Видеоны мыңдаған адам көріп, қоғамда кеңінен талқыланды.

ҚТЖ баспасөз қызметі ол іске қатысты пікір білдіріп, Үмбетовтің этиканы бұзғанын айтып, түсіндіру жұмысын жүргізген. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов қызметкерін қорғап, оның қатты сөйлегені жақсы нәтиже бергенін айтты. Үмбетов қызметін сақтап қалды.

Асан Үмбетов 1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келді. М. Тынышпаев атындағы Қазақ транспорт және коммуникация академиясын тәмамдаған. Локомотив шаруашылығында 20 жылдан аса тәжірибесі бар, еңбек жолын машинист көмекшісі ретінде бастаған.