Сенатор Жақып Асанов бірге істеген судья Таткееваның қылмысы жайлы білмейтінін айтты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: gov.kz

Парламент жиынынан кейін тілшілер сенатор Жақып Асановқа іздеуде жүрген экс-судья Қарлығаш Таткееваның қылмысы жайлы сұрақ қойды. Таткеева Астана қаласының судьясы, Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі болған. Сол кезеңде Жақып Асанов Жоғарғы сот төрағасы еді.

Бірақ қол астындағы қызметкерін жеке танымайтынын айтты.

«Ол жай қызметте жасаған. Ол кісіні қылмыскер деп айтуға әлі ерте, мен ол кісімен тікелей жұмыс істеген жоқпын», – деді сенатор тілшілер сұрағына.

Қос азаматтығы болды деген адам қалай Жоғарғы сотқа қызметке тұра алады деген сұраққа ондай фактіні білмегенін айтты.

«Қос азаматтық алды ма, алмады ма, қылмыс жасады ма, мен мүлде білмеймін. Қазір құқық қорғау органдарында істемеймін. Бізде Ішкі істер министрлігі бар, солардан сұрау керек. Ондай азаматтығы болса, судья болса, тергеу керек. Неге оған жол берілді деп сұрау керек», – деді Жақып Асанов.

Экс-судья Қарлығаш Таткееваға осы жылы 30 маусымда іздеу жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі одан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп күдіктеніп отыр. Орналасқан жері туралы ақпарат ұсынған адамға сыйақы беруге де уәде етті.

Кейін «Выход к морю» телеграм арнасы Таткеевада қос азаматтық болғанын, оның бірі, Ресей паспорты екенін жазды. Арна дереккөзінің мәліметінше, ол Ресейде жасырынған болуы мүмкін. Бұған қатысты органдар ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз