Шымкентте жаңа форматтағы медиажоба тұсауын кесті

Шымкентте Beine.Pro интернет журналының тұсауы кесілді. Жаңа медиажоба – Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тыныс-тіршілігін фото, видео және иллюстрацияға негізделген контент түрінде ұсынатын дербес интернет журнал.
Жоба авторларының сөзінше, редакция әйел мен бала, ауыл өмірі, экология, ғылым-білім, денсаулық, өнер, урбанистика, бизнес, жасанды интеллект тақырыптарына баса назар аударады.
Beinepro.kz сайтында фоторепортаж, видеорепортаж, сторителлинг, дата жобалар жарияланады. YouTube-тағы BeinePro арнасында қаралым саны 300 мыңнан, TikTok пен Instagram-дағы видеолардың қаралымы 200 мыңнан асты.
«Beine.Pro – уақыт ағымына байланбаған контент өндіріп, жариялайтын медиа. Біз өңірдегі тыныс-тіршілікті түрлі визуал форматта жеткізгіміз келеді. Сондықтан да әуел баста фото және иллюстрация контент болса, кейін видеоконтент жасаудың да маңызын түсініп, видеорепортаж, рилс жасауды жолға қойдық. Бұл Beine.Pro интернет журналының толыққанды медиаға айналуына алғышарт болды», – деді интернет журналдың мультимедиа журналисі әрі жоба үйлестірушісі Жанерке Хумар.
Қазір редакция «Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» фотокөрмесінде фотосы қойылған 14 ғалым туралы фоторепортаж, мақала, сұхбат дайындап жатыр.
Болашақта монетизацияның түрлі әдіс-тәсілін енгізуді, жасанды интеллект пен заманауи digital құралдарды қолдана отырып, өмірдің өзін қаз-қалпында көрсететін сапалы контент өндіруді мақсат етеді.

Тұсаукесер «Тіршілік» және «Түркістан әйелдері» медиажобасында қойылған фотокөрмеден басталып, Beine.Pro интернет журналының презентациясына ұласты. Қазақстанның түрлі өңірінен келген медиасарапшылар: Молдияр Ергебеков, Бақыт Аманжолқызы, Думан Смақов, Жұлдыз Әбділда, Асхат Еркімбай, Асқар Ақтілеу қатысқан панельдік дискуссияға жалғасты.
Медиасарапшылар пікірталқыда медиа этикасы, интеллектуал медиа, редакция стандарты, медианың стратегиясы, фактчекиң мен дезинформация, өңірлік медианың кіріс көздері және жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика туралы айтты.