Украина-Ресей соғысында Қазақстаның 270 азаматы қаза тапқан

Ресей-Украина арасындағы соғыста Қазақстанның 270 азаматы қайтыс болған. Бұл жайлы соғыста өлгендер мен із-түссіз жоғалып кеткендер жайлы дерек жинайтын украиналық «Хочу жить» жобасы жазады.
Қайтыс болғандардың ең жасы – 19 жастағы Андрей Богомолов. Ең үлкені – 64 жастағы Александр Ялфимов, ол 254-ші мотоатқыштар полкінде болған.
«Кремль Қазақстан азаматтарын соғысқа қатысу үшін жалдауды жалғастырып жатыр. Бұл жұмыс тек Қазақстан аумағында ғана емес, Ресейде тұратын қазақ азаматтары арасында да жүргізілуде. Ресейдегі қазақстандықтарды негізінен түрмелерде, еңбек мигранттарының арасында және жуырда Ресей азаматтығын алғандар ішінен іздейді»,- деп жазады «Хочу жить» жобасы.
Жоба авторларының жазуынша, Мәскеу интернет-жарнама, жұмыс тауып беретін агенттіктер арқылы қазақстандықтарды «жалақысы жоғары қызметке» шақырады. Соңғы кездері шетелге көз салуды қойып, тілдік барьер жоқ көрші елдердің азаматтарын көбірек шақыра бастаған.
«Бұл Қазақстан Республикасының билігі мен қоғамының Ресейдің адам тарту желілеріне қарсы тұру үшін күш-жігерін күшейтуі керек екенін білдіреді. Әйтпесе Ресей Қазақстан азаматтарын өлімге жіберуді жалғастыра береді»,- деп ескертеді украиналық белсенділер.
Бұған дейін көктемде «Хочу жить» Ресей әскерінің сапында Украинада соғысып жүрген 661 азаматтың тізімін жариялаған еді. Жобаның дерегіне сүйенсек, бүгінде олардың 78-і қайтыс болған. Құзырлы органдар ол ақпараттың рас-өтірік екенін растаған жоқ.