
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновке осы аптаның соңына дейін азаматтардың мүддесін ескере отырып, үкіметтің экономикалық реформалар бағдарламасына қатысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Үкіметке шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сонымен бірге елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған түзетулер енгізіп, қажетті шешімдер қабылдау міндеті жүктелді», – делінген ресми мәліметте.
Мемлекет басшысы үкіметтің экономикалық саясатының негізгі параметрлері Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді, сонымен қатар онда жаһандық конъюнктура мен қазіргі нарықтық үрдістер ескерілген деп санайды.
Шағын ресми мәліметте үкіметтің бұдан басқа нақты қандай шаралар қабылдауы керектігі айтылмаған. Биыл Бектенов бастаған үкімет кеңсесі салық реформасын қолға алып, шетелден көбірек инвестиция тартуға күш салып отыр. Дегенмен үкіметтегілер салықты көтергенімен, әлеуметтік қолдаудан бас тартпайтынын қайта-қайта ескертіп жүр.