Үндістанда жаңа туған сәбиді тірідей жерлеген

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock
Фото: shutterstock

Үндістанның Уттар-Прадеш өңірінде жаңа туған нәрестені күріш алқабына тірідей жерлеген. Өзен жағасындағы балшық арасынан, әбден масаға таланған шақалақты жергілікті шаруа тауып алды. Тірі қалған қызды Пари, яғни періште деп атады. Үнді фильміне бергісіз оқиға туралы CNN телеарнасы жазды.

Шошқа бағатын Шьям Бабу Үндістанның солтүстігіндегі ауыл маңынан ағып жатқан өзен жағасында, балшық арасынан шошайып шығып қалған кішкентай қолды байқаған. Бастапқыда қуыршақ шығар деп ойлаған шаруа жақындай келе оның масаға әбден таланған шақалақ екенін көрген. Жөргекке оралған сәбиді шамамен 30 см тереңдікке көме салыпты.

«Жақындап келіп, сәбидің саусақтары қозғалып жатқанын байқадым. Тағы жақындай түсіп, жүрек қағысын сездім», – дейді Бабу.

Бүкіл ауылды дүр сілкіндірген осы оқиға бір ай бұрын болған. Нәресте қант құрағы мен күріш алқабынан табылған.

«Сәбидің әлі тірі екенін түсіндім… Шақалақты біреу тірідей көме салған».

Осы көріністен қатты шошыған тұрғын ауылға қарай жүгірген. Көп уақыт өтпей осы маңда бір топ адам жиналған.

Полиция алқапта тірідей көмілген қызды балшықтан аршып алды. Суреттер мен видеолар әлеуметтік желілер арқылы әлемге тарады.

Нәрестенің дүниеге келгеніне бар болғаны жарты ай болған. Оның аузы мен мұрнына балшық толған. Сәбиді жер астынан алып шыққан уақытта ол әлсіз ғана шыңғырып қоя берген. Шақалақты тез арада жергілікті медколледжге жеткізді. Полиция қыздың ата-анасын іздестіріп жатыр.

Әзірге ата-ананың не себепті мұндай әрекетке барғаны белгісіз. Бірақ полицейлер оның бірнеше себебін атады.

Ата-анасы ауру қызы өлді деп ойлап, жергілікті ғұрыпқа сай жерлеген болуы мүмкін. Жаңа туған қызда стигматизация (саусақтары жабысып туған) белгілері байқалған. Үндістанда ұл баланың туғанын құп көру басым. Қыздан бас тартудың тағы бір себебі осы болуы мүмкін. Соған байланысты қыздан бас тарту немесе өлтіру оқиғалары жиі болып тұрады.

Колледж дәрігерлері көрер жарығы бар сәбиді Пари деп атады. Оның есімі хинди тілінде «періште» дегенді білдіреді.

Сондай-ақ оқыңыз