БЖЗҚ қаржысын жымқыру ісі бойынша іздеуде болған күдіктінің бірі ұсталды

Қаржы мониторингі агенттігі БЖЗҚ қаражатын жалған стоматологиялық клиникалар арқылы жымқыру схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген үш адамның бірін ұстады. Ер адам Ресей шекарасында қолға түскен. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді.
Әңгіме өз кінәсін мойындамаған Аслан Дүйсенов жайлы. Ол өзіне тиесілі стоматология жұмыс істеп тұрғанын айтып, әлеуметтік желіде видео жариялаған болатын. Журналистер кәсіпкердің өзі видеоүндеу жариялап, көпшілікке ашық мәлімдеме жасағанына қарамастан, ҚМА не себепті оған іздеу жариялағанын нақтылауға тырысты.
«Біріншіден, оның процессуалдық статусы күдікті. Оған сырттай айып тағылып, сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын бекітті. Осыған байланысты іздеу жарияланды. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, сот санкцияны растады. Тергеу барысында оның төрт клиника ашуға қатысы бары толық дәлелденді және заңсыз әрекеттер нәтижесінде алынған қаржы сомалары да анықталды», — деп жауап берді Жеңіс Елемесов.
Оның айтуынша, аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, 11-ден астам адам қамауға алынған. Қалған күдіктілерді ұстау жұмыстары жалғасып жатыр.
«Біреуін ұстадық. Ресей шекарасында қолға түсті», – деді ол.
Алайда нақты кімнің ұсталғанын Елемесовтің өзі айтпады. Оның айтуынша, қалған екі күдікті елден шығып кеткен болуы мүмкін. Олар қайтып оралған кезде ұсталады деп жоспарланып отыр.
Еске салайық осыған дейін Қаржы мониторингі агенттігі жалған стоматологиялық клиникалардың иелерін іздестіріп жатқанан мәлімдеген еді. Іздеуде жүргендер:
Дуйсенов Аслан Қамбарұлы, 01.04.1992 ж.т.
Иманбаев Габбас, 18.05.1998 ж.т.
Елешев Есимхан Баяндиевич, 11.09.1987 ж.т.
Олар БЖЗҚ-дан 46 млрд теңгені заңсыз шығарды деген күдікке ілінген болатын.