2025 жылдың ең сенімді 10 кроссовері белгілі болды

Жарияланды 16 Қазан 2025 17:31

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: carexpert.com.au

Соңғы уақытта спорттық стильдегі көліктерге сұраныс артып келеді. Орташа жолсыз жерлерден өте алатын қала көлігі, қазіргі заман үшін ақылға қонымды таңдау. Осы орайда US News басылымының сарапшылары 2025 жылы шығарылған ең сенімді кроссоверлердің рейтингін жасады.

Toyota 4Runner

Фото: netcarshow.com

2025 жылғы «Toyota 4Runner» жаңа 4,0 литрлік V6 қозғалтқышымен жабдықталған. Жанармайды көп тұтынғанымен, қазіргі талаптарға сай жетілдірілген рамасы бар. Бұл модель жылдам үдеумен немесе жүк көтергіштік қабілетімен ерекшеленбейді, бірақ ұзаққа шыдамдылығы мен жолсыз жерлерден өту қабілеті бұл кемшіліктерді толық жабады. J.D. Power сенімділік бағасы: 86/100.

Chevrolet Blazer

Blazer қуатты әрі үнемді екі қозғалтқыш нұсқасымен және стандартты функциялардың көптігімен ерекшеленеді. Мысалы, сенімді әрі ыңғайлы мультимедиалық жүйесі бар. Chevrolet бұл модельге 5 жыл немесе 96,5 мың км-ге дейін кепілдік береді. Қозғалтқышына 3 жыл немесе 58 мың км кепілдік қарастырылған. J.D. Power сенімділік бағасы: 86/100.

Hyundai Kona

Субкомпакт класындағы Kona кроссовері де сенімділік жағынан жақсы ұпайға ие болды. Ол үнемді қозғалтқыштардың кең таңдауы мен функционалды базалық жабдықталымымен ерекшеленеді. Kona салоны қарапайым болғанымен, сапалы жиналған және автомобильдің шағын көлеміне қарамастан, іші кең. J.D. Power сенімділік бағасы: 86/100.

Kia Soul

Kia Soul баға, сапа, сенімділік пен жайлылықтың мінсіз үйлесімі. Кең салоны, жанармайды аз тұтынуы және иелерінің оң пікірлері бұл модельдің сенімділік рейтингіне енуіне ықпал етті. Бұған қоса, өзінің сегментіндегі қолжетімді бағамен ерекшеленеді. J.D. Power сенімділік бағасы: 86/100.

Kia Telluride

Фото: ru.wikipedia.org

Kia Telluride — 2025 жылғы ең үздік үш қатарлы орташа көлемді жол талғамайтын көліктердің бірі. Ерекше дизайны, кең таңдауы бар функционалдығы және иелері дәлелдеген сенімділігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, жолсыз жерлерде жақсы жүріп өтеді және басқаруға ыңғайлы. J.D. Power сенімділік бағасы: 86/100.

Chevrolet Trailblazer

Chevrolet Trailblazer — ең кең субкомпактты кроссоверлердің бірі. Шағын өлшеміне қарамастан, ішінде бес адамға жайлы орын бар. Салоны заманауи технологиялармен жабдықталған және сыртқы келбеті спорттық. Сарапшылар бұл модельге де оң баға беріп отыр. J.D. Power сенімділік бағасы: 86/100.

Hyundai Venue

Hyundai Venue — қолжетімді субкомпактты кроссовер. Рейтингке отын үнемділігі мен оңай жөнделетіндігі үшін енген. Сонымен қатар, базалық технологиялық мүмкіндіктері мен жолаушыларға арналған жайлылығы да жоғары бағаға ие. J.D. Power сенімділік бағасы: 86/100.

Ford Explorer

Фото: Jerry Perez

2025 жылы Ford Explorer жаңартылып, сыртқы келбеті өзгерді және ақпараттық-көңіл көтеру жүйесі жетілдірілді. Сонымен қатар, шоссе жолдарында жүргізуге арналған жартылай автоматтандырылған жаңа жүйе қосылды. Орташа көлемді бұл көлік қуатты қозғалтқыштармен жабдықталған және жақсы комплектацияға ие. Сарапшылар оның сенімділігі жоғары деп бағалап отыр. J.D. Power сенімділік бағасы: 87/100.

Kia Seltos

Kia Seltos иелерінен көптеген оң пікір алып жүр. Ол шағын кроссоверлер сегментінде жоғары орын алады. Қолжетімділік, функционал және күнделікті өмірге қолайлы үйлесімі бұл көлікті сенімділер қатарына енгізді. J.D. Power сенімділік бағасы: 87/100

BMW X4

Фото: motor1.com

2025 жылғы BMW X4 тек сенімділігімен ғана емес, сонымен қатар жаңа стандартты жайлылық функцияларымен де ерекшеленеді. Бұл оның тартымды имиджін айтарлықтай толықтырады. X4 тиімді қозғалтқыштар тізбегін ұсынады. Жылдам үдеуі отын шығынына әсер етпейді. Жеңіл және сезімтал басқару жүргізушіге жағымды тәжірибе береді. Осы қасиеттері үшін J.D. Power сенімділік рейтингі 87/100 деңгейінде берілді.

Сондай-ақ оқыңыз